Әлеумет 06.03.2020 сағат 05:10

«Мақсатым – ата кәсіпті жалғастыру»: атыраулық келіншек жылқы бағып жүр

Бүгінде Жаңылсын жайлауға көшуге қамданып жатыр. Биелерін кең далада құлындатпақ. Ол үшін 120 гектар жайылымдық жер алған.
«Мақсатым – ата кәсіпті жалғастыру»: атыраулық келіншек жылқы бағып жүр
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қазаққа төрт түлікте жылқы жақын. Мінсең – ат, ішсең – қымыз. Аттылы адам жауына үстем. Бірақ, осы Қамбар ата тұқымын қастерлеген тек ер-азаматтар десеңіз, қателесесіз. Әйел аналарымыз да атқа мініп, көшке ілескен. Бүгінде Атырау облысында тұратын Жаңылсын Мағзомова да бір үйір жылқы алып, бел шешіп, іске кірісіпті, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Жаңылсын биыл қолы жеткен бір үйір жылқысы туралы айтудан жалыққан емес. Ала таңнан тұрып көздейтіні де солардың жай-күйі. Ол жыл он екі ай түзде жүретін түлікті таңдаған себебін түсіндірді.

«Жылқы алғандағы мақсатым – ата кәсіпті жалғастыру, балаларыма үлгі болу. Жолдасыммен ақылдаса отырып, 10 бие сатып алдым. Атырауда қымыз қымбат екенін білеміз. Бұл енді бір жағынан бизнес, үлкен пайда. Әрине, қиын екенін білемін, бірақ, ата кәсіпті жалғастыру керек», - дейді жылқышы келіншек.

Бүгінде мұнайлы өңірде қылқұйрыққа деген құштарлық артып келеді екен. Былтыр мемлекеттің қолдауымен шаруалар 524 бас жылқы алыпты. Жаңылсын да ер-азаматтың өзін сынайтын жылқышылықты кәсіп етпек. 

«Біздің қор арқылы соңғы жылдары қыз-келіншектеріміз көптеп несие алуда. Соның ішінде өз ісін жылқыдан бастаған Жаңылсын Мағзомова бар. Жаңылсын – өте еңбекқор. Несиеге жылқы малын сатып алды. Сол уақыттан бері қарай осы малының қасында», - дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мониторингтік талдау бөлімінің маманы Эльвира Талқашева.

Бүгінде Жаңылсын жайлауға көшуге қамданып жатыр. Биелерін кең далада құлындатпақ. Ол үшін 120 гектар жайылымдық жер алған. «Ал ауыл іргесіндегі мына телімге мал азығын егемін», - дейді.

«Биылдан бастап жоңышқа егуді жоспарлап отырмын. Малдың азығын өзіміз дайындайық деген ой. Енді еңбек етемін деген адамға қолдау көп қой», - дейді Жаңылсын.

Қайсар келіншек келешекте жылқыларын асылдандырып, ат баптауды қолға алмақ. Оған жолдасы Жасұланның икемі бар екен. Ендеше, Жаңылсынның жүйріктері аламанда топ жарып жатса, таңғалуға болмас.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар