Елорда іргесіндегі Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғындары жолды жауып, наразылық білдірді. Олар Нұр-Сұлтан қаласындағы қарды төгу үшін осы маңнан полигон ашылғандарына қарсы. Онсыз да көктемде су кешіп жүреміз деген жұрт полигондағы қар ерісе, судың астында қалатын болдық деп ашынуда, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 2 бірдей полигон толып қалып, тағы бірнешеуін ашуға тура келген. Ал ауылдағы тұрғындардың айтуынша, жаңа қар полигоны жұмысын күні кеше бастаған. Содан бері қаладан арлы-берлі қатынап, мұнда қар таситын жүк көліктерінде есеп жоқ.
«Ауылымыз ойда тұр. Қар 5 есе көп. Ауылдың іші тазаланбаған. Мына Нұр-Сұлтанның бүкіл қарын бізге әкеп төгіп жатыр. Сонда Нұр-Сұлтанның адамдары халық та, біз халық емеспіз бе?» - дейді ауыл тұрғыны Кенжеболат Құттымбетов.
Ең сорақысы, қар полигонының үш бұрышында үш ауыл орналасқан. Ол ауылдан екі жарым қашықтықта жатыр. Базыналы жұрт «жергілікті әкімдік бізбен ақылдаспақ түгілі, ескерткен де жоқ» деп налиды. Сол үшін жауаптылардың келуін талап етіп, жол қозғалысын тоқтатты. Жағдайдың ушыққаны соншалық, араға полицейлердің де араласуына тура келді.
«Ертең екі жақтан еріген қар суы басып қалайын деп тұр. Ең бірінші ашылып, жаңа жылда жабылды ол полигон. Ол былтыр да істеген. Мына жақтан төккеннен кейін, екі жағымызда судың ортасында қалып кетіп отырмыз біз», - дейді ауыл тұрғыны Ержан Әбдірасул.
Ал тағы бір тұрғын Меруерт Нұрғалиева ол жерде су ары қарай ағып кететін ешқандай жерасты құбырлары жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, ауылды жылда су алады екен. Ал биыл қар мөлшерінің жылдағыдан өте көп екені белгілі. «Енді келіп мынаны төгіп жатыр. Бізді 96-ны, бізден ары қарата Талапкерді де су алу қаупі бар», - дейді ол.
Ашулы халыққа басу айту үшін, әншейінде төбе көрсете бермейтін Сарыарқа әкімдігінің өкілдері де келді. Олар полигоннан 3 ауылға да қауіп жоқ деп отыр. Айтуларынша, қар бірден ерімейді. Сондықтан бұл полигон толғанша жұмыс жалғаса бермек.
«Біз полигонның жанынан арық қазамыз. Ол жұмыстарды бүгіннен бастаймыз. Арық осы маңдағы жер асты құбырына қарай кететін болады. Ол су Есілге қарай құяды. Ал ол құбырды күн жылынғанда тазалаймыз. Бұл жобаны әзірлегенде, тұрғындардың қауіпсіздігі ескерілді», - дейді Сарыарқа ауданы әкімі аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос Түсіпбаев.
Тағы оқи отырыңыз: Көлгінов Тоқаевты «мұқатып» отыр ма, әлде, біреулерге арандап қалған ба?
Сарыарқа әкімдігі базыналы жұртқа үйіп-төгіп уәде бергенімен, тұрғындарды бұл жауап қанағаттандыра қоймады. Олар қарды тасуды тоқтатпайынша, баратын жерге барамыз деп отыр.