Қала көшелеріндегі қарбалас. Бірінен бірі басып озуға асыққан қаптаған көлік. Арасында адам толы автобустар да бар. Солардың бірін нәзік жанды Кәмилә Ақназарова жүргізеді. Оның қоғамдық көлік басқарып келе жатқанына – 19 жыл. Әу баста Алматыда троллейбус жүргізуден бастаған. Кейінгі жылдары елордаға қоныс аударып, автобустың рөліне отырды. Ерлермен тең еңбек ететін Кәмиләнің жұмыс күні де ерте басталады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
«Ұйқыдан оянғанымнан есептегенде сағат кейде төртте оянамын, кейде бесте оянамын. Күнделікті мына кестеге қарап, қай кезден бастаймыз, қай кезде парктен шығамын, есептеп шығамыз. Паркке жарты сағат бұрын келеміз. Машинаны жылытып, қарап, барлық жерін тексеріп, одан кейін медициналық тексеруден өтеміз. Давлениені тексереді. Механиктер қарап, қол қойғаннан кейін шығамыз жолға», - дейді ол.
Кәмилә Ақназарованың айтуынша, коғамдық көлік жүргізушісіне көп сөзге көңіл бөлмейтін, кез келген адаммен жағымды сөйлесе алатын қасиет керек. Себебі, жұмыс барысында түрлі жолаушымен жүздеседі.
«Кейбіреулер бар, әдейі жанжал іздеп тұратын. Оларға үндемейміз. Қолдан келгенше үндемемей құтыламыз. Ал кейбір жолаушылар келіп, амандасып, ақ жол тілеп, көңіл-күйімізді көтеріп кетеді. «Қандай керемет, әйел кісі рөлде отырған. Сізге қалай жарасып тұр» деп көңіл-күйімізді көтеріп кетеді. Ондай кезде бір марқайып қаламыз», - дейді Кәмилә Ақназарова.
Қоғамдық көлік жүргізгенде әйелдер әлдеқайда ұқыпты. Өзгемен жарыспайды, бұрылыс-қиылыста қырағы. Тіпті, кейбір жолаушылар автобусқа мінгенде әйел жүргізушіні көрсе, сенімдірек отыратынын жеткізді.
Нәзік жандылардың жұмыста жауапты екенін тасымалдаушы компания өкілдері де растады. Олар ұжымдағы әрбір әйелді жеке құттықтап, сыйақы беруді жоспарлап отыр.
«Біздің ұжымдағы бұрымдылардың барлығы өте сыпайы. Өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Жолаушылардан да, жол полициясы тарапынан да шағым болған емес. Керісінше, нәзік жандылар жан-жағына шуақ шашып жүреді. Сондықтан жүргізушілердің қатарында осындай білікті әйелдердің көп болғанын қалар едік. Мерекеге орай барлығын арнайы құттықтап шықтық», - дейді CTS компаниясы көліктік бақылау департаментінің директоры Самат Шәймерденов.
Бүгінде елордадағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің тоғызы – әйел. Атқарылатын қызметтің қиындығына қарамастан, барлығына бірдей талап пен міндет жүктеледі. Таңмен таласа тұрып, ермен тең еңбек ететін осындай аналар қандай сыйға да лайық емес пе?!