Астананың сол жағалауында тұратын балалардың жағдайы қазір онша мәз емес. Мектептерде орын жетпейді, бір сыныптағы балалар саны 40-тан асып кеткен! Негізі, 25-27 адам болу керек. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі қалай құбылтса да, мұндағы білім сапасы түкпірде қалған ауылдардан соншалық алыс емес.
Дүйсенбі, 9 наурыз күні балалары №59 мектепте оқитын 8 бірдей тұрғын үйдің тұрғындары «Толып кеткен мектепте оқыған қалай?» атты көрме өткізді. Бұған әкімдіктің мектептің жанындағы бос тұрған жерге жаңадан тұрғын үй комплексін салу туралы шешімі себеп болыпты.
Алыпқашпа сөзге қарағанда, Ислам орталығының алдынан 2000-жылдардың басында «Инфинити» тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Сол кезде әуежайдан келе жатқан президент жаңа көп қабатты үй мешіттің әдемі көрінісін жауып тастайтынын ескертіпті.Осыдан кейін 2006 жылы қала құрылысы кеңесі бұл жерде құрылыс салу туралы шешімнің күшін жойған. Және бұл нақты құжатпен бекітілген.
Кейінгі жылдары осы маңдағы тұрғындар ата-аналардың бәрінде балаларын коммерциялық үйірмелер мен балаларды дамыту орталықтарына беретін мүмкіндік жоқ болғандықтан, әкімдіктен бұл территорияға парк немесе оқушылар сарайын салуды сұрапты. Бірақ, әкімдік тұрғындарға нақты ештеңе айтпайды, сырғытпа жауап берумен келе жатыр. Енді міне, жақында ғана бұл жерге белгісіз бір құрылыс компаниясы тұрғын үй құрылысын жүргізуге дайындалып жатқанын хабарлаған.
«Біз әкімдіктен мұнда құрылыс жүргізуге кімнің рұқсат бергенін, кімнің келісім жүргізгенін білгіміз келеді. Құжаттардың заңсыз жолмен жасалғаны сөзсіз. Құрылыс компаниясының құрылыс жүргізуге рұқсат қағазы жоқ, бірақ, олар территорияны қоршап, жұмыстарын бастап кетті», – дейді жергілікті тұрғын Олжас Біләлов.
«Осы уаққа дейін тұрғындар жағдайдан бейхабар келген. Өйткені, әкімдікте бұл құрылыс жоспары жайлы нақты ақпарат болмаған. Бұл жерге біресе ештеңе салынбайды деді, біресе Оқушылар сарайын салуға уәде берді. Енді көп қабатты үйдің құрылысы салынатынына көз жеткізіп отырмыз. Біз бұған мүлде қарсымыз. Аудандағы тұрғындардың саны мектептің оқушылар қабылдау мүмкіндігіне сәйкес келу керек. Мұнда адамдар көшіп келгенде не болады?» – дейді осы маңда тұратын Шолпан Дақпыртова.
Қалалық билік №59 мектептегі оқушылар санының көптігі мәселесі жақын маңда жаңа мектеп салынған соң шешіледі деп уәде берген. Бірақ, әлі өзгерген ештеңе жоқ. Қала маңы аудандары тұрғындарының қалаға қоныстануы күннен күнге артып келеді, оқушылар саны көбейіп жатыр. Мектептерде кабинеттік жүйе жойылып, бос тұрған кез келген бұрыш сыныпқа айналған. Бұл тек сапасыз білім беруге ғана емес, олардың денсаулығына да зиян тигізеді.
«Мектепте балалар 3 ауысыммен оқиды. Балалардың шешінетін жерлеріне дейін сабақ оқитын қылып қойды. Кружоктар істейтін жер жоқ, өте тығыз. Балаларымызды машинамен алып жүреміз, басқа машина кағып кетпесін деп. Халықтың жағдайын ойлау керек қой. Жаңа үй керек емес. Мектепте айналатын жер жоқ. Ондай болмайды. Бұл ауыл емес қой», – дейді Әмина Әбілдина.
«Кейде бізде дене шынықтыру сабағы болмай қалады. Өйткені, біз көппіз, сол себепті, спортзалда орын болмайды. Тіпті, кейде бірнеше сынып бірге жаттығатын кездер болады, ондайда өте қызықсыз», – дейді 8 жастағы Ибраһим.
Тұрғындар осы жағдайға байланысты президентке, Елбасына ресми хат жазған. Қала әкімі Алтай Көлгіновтен тұрғындармен жиналыс өткізіп, жер учаскесін құрылыс жүргізушілерден мемлекет қарамағына алуды сұрап, Facebook желісі арқылы талап етіпті. Бірақ, әкімдік мыңдаған адамның өтінінішіне құлақ асар ниет байқатпаған.
«Толып кеткен мектепте оқыған қалай?» көрмесінің мақсаты – қиын жағдайда оқып жатқан балалардың жанайқайына қоғамның назарын аудару. Олардың балалық шағы кептелістер мен репетиторлық орталықтарда өтіп жатыр. Олар Конституцияда кепілдендірілген сапалы білім алу құқығынан айрылып отыр.
«Енді мектепте маған орын жоқ», – деді журналистерге бес жасар суретші Санжар.
Дереккөз: malim.kz