Биыл Петропавл қаласында ескі жер үйлерді сүру жұмыстары жалғасады. Олардың орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарамасының алқа мәжілісінде СҚО әкімі Құмар Ақсақалов алдағы уақытта қалада 300 үй сүрілетінін айтты.
«Бізде жеке сектор баршылық, яғни 15 мыңға тарта жеке тұрғын үй бар. Олардың көбісі ескірген. Сондықтан бұл үйлердің орнына көпқабатты үйлер салу керек. 10-15 жеке тұрғын үйдің орнына 10 есе артық пәтер саламыз. Ол жерде сауда, медициналық әрі білім беру мекемелері орналасады», - деді Ақсақалов.
Осы орайда, ол ескі үйлерді сүріп тастау шешімдерін қабылдау шаралары ашық жүргізілуі керектігін атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен, қоғамдастық өкілдерімен, депутаттармен бірлесе әрбір үй мен нысанды алқалы жиында қарастыру қажет. Бұл мәселені жеке кабинетте, мәжілістен тысқары талқылауға жол бермеу керек», - деді облыс әкімі.