Соңғы кездері көпшіліктен көмек сұрайтын жандар көбейіп кетті. Жуырда бізге Алматы облысы, Қарасай ауданынан бір әйел хабарласты. Әлеуметтік желідегі парақша арқылы шығып отырған бұл келіншектің есімі – Жанар.
«Көмек сұрайын деп едім. Нан алуға ақшамыз болмай тұр. Садақа ретінде шамаңыз келгенше жәрдем ете аласыз ба? Алла куә, өтінемін!» – деген соң сөзін тыңдап, өзіне бірнеше сұрақтар қойған едік.
Жанардың инсульт алып, төсек тартып жатып қалғанына бірнеше апта болыпты. Екі аяғы істемей қалған. Дәрі-дәрмекпен ғана емделіп жатқан оған сонымен қатар массаж, ине алып, сүлік салдыру керектігін де айтыпты. Бірақ қазір оны Жанардың қалтасы көтерер емес. «Екі балам бар. Екеуі 500 теңгеге біреудің үйін жинап береді. Соған нан аламыз. Қазір екеуі де суық тиіп ауырып жатыр. Қызым 10-сыныпта, ұлым 11-сыныпта оқиды», – дейді ол.
– Күйеуіңіз бар ма?
– Жолдасым тастап кеткен. Жұмыс істемейді, арақ ішіп кеткен. Қазір басқа бір әйелдің қолына кіріп алған. Оған бармадым емес, жағдайымды айтып барғанмын. «Көмек бермеймін» дейді.
– Қазір мүлдем ас-сусыз отырсыздар ма?
– Мүлдем емес, пияз қуырып жейміз.
– Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек алмайсыздар ма?
– Енді ғана құжат жинап жатырмын. Ауруханадан күні кеше шықтым. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Алла куә, пәтерақы үшін қарызға баттық.
– Осыған дейін не жұмыс істедіңіз?
– Ауырмай тұрғанда жекеменшік балабақшада «нянька» болғанмын. Тәуір болып қалсам, қайта жұмысқа шығамын ғой.
– Қазір енді сізге көмек қолын созатын туған-туыстарыңыз жоқ па?
– Өзім Есік қаласындағы балалар үйінде өскенмін, еш туысым жоқ.
...Бұл жас әйел осылай дейді. Алайда көпшіліктен көмек сұрағанымен өз жағдайының жұртқа жария болғанын қаламады. Оның себебін «балаларым намыстанып қалады» деп түсіндірді.
...Бұл оқиға арқылы айтпағымыз – елімізде кедейлер санының күн санап көбейіп бара жатқаны. Бірі әлеуметтік желі арқылы көмек сұраса, бірі көшеде қол жайып, қайыр тілеп отыр. Қайда барсаң да қарызға батқан қазақ. Кіммен сөйлессең де басында несие бар. Жан-жағыңда баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрген бір адам. Қаншамасының қалтасы тесік. Арқа еті арша, борбай еті борша болып тапқан көптеген жанның жалақысы айдан айға әзер жетіп отыр. Өйткені мардымсыз.
Елімізде халықтың жағдайын түзетуге тырысып жатқандай көрінгенмен қолжетімді ештеңе жоқ. Мәселен, мемлекеттен тұрғын үй алу үшін адамдар жылжып болмайтын кезекте жылдап тұруы керек. Басқа бағдарламамен баспаналы болайын десе, жалақысы жетпейді. Жалақы көбейеді деп қуантады, алайда ол базар бағасымен қоса көтеріледі. Атаулы әлеуметтік көмек туралы айтады, бірақ оны алу үшін құжатыңнан басқа түгің жоқ сіңірі шыққан кедей болуың шарт. Есіктің алдында тауығы бар адамдар бұл санатқа кірмейді. Балаларға жәрдемақы тағайындаса, «төртеуге бар, үшеуге жоқ» деген шектеу қойылған. Әйтеуір қаптаған реформа, қаптаған бағдарлама. Бірақ солардың ішінде елдің жағдайын көтеру мақсатында ыңғайға келетін ештеңе де жоқ секілді.
Дереккөз: "Замана" басылымы