13.03.2020, 00:50

Елорда іргесіндегі елді мекендер – әлі қалың қар құрсауында

фото: видеодан скриншот
Әкімдіктер техниканың аздығын алға тартып ақталса, тұрғындар ерте көктемде үйлерін су басып кете ме деп алаңдай бастаған.

Биыл елордаға қардың өте көп түскені мәлім. Қала айналасындағы елді мекендер әлі күнге дейін қалың қар құрсауында жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Әкімдіктер техниканың аздығын алға тартып ақталса, тұрғындар ерте көктемде үйлерін су басып кете ме деп алаңдай бастаған.

Мысалы, 24 мыңнан астам халқы бар Қараөткел ауылдық округі астанадан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Өткен жылы көктемде аймақты біраз су алып, бірнеше үй көшіп те кеткен еді. Ал биыл былтырғыдан да көп түскен қардың биіктігі 4-5 метрге дейін жетеді. Ол ерісе, салдарын елестетудің өзі қиын.

Жергілікті тұрғындарды алаңдататыны, тау боп үйілген сол қардың қашан, қайда шығарылатыны белгісіз. Округтегі бар-жоғы 4 полигонның бәрі толып қалған.

«Көшелерімізден бір күрек қар алынған жоқ. Бір жұма үйден шыға алмай жаттық. Әкімдікке барып өтініш жаздық». – дейді ауыл тұрғыны Сәтбек Жұмашев.

Жалпы, бұл округке Қараөткел, Қаражар жане Жаңажол ауылдары кіреді.

«Қараөткел мен Қаражарда мектептеріміз бар. Мектептердің ішінде эвакуациялық пунктер дайындалып жатыр. Жеке кәсіпкерлермен келісім бар. Олар да дайын отыр», - деп сөзін келте қайырды Қараөткел ауылдық округінің әкімі Саят Қаханов.

Көктемгі су тасқынында халықты өйтіп-бүйтіп аман алып қаламыз дегені болса керек. Ал биылғы қыс әбден әбігер еткен халық енді күн жылып, қар ерігенде тағы қиналып қаламыз деп әлек. «Егер қар уақытылы шығарылғанда, жұрттың жүріп-тұруында еш қиындық болмас еді» дейді олар.