Алматыда өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбай карантин аясында қаланы азық-түлікпен қамту мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қалада азық-түліктен басқа тауар сататын барлық сауда орындары жабылады. Алматыда халықты әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамту мақсатында арнайы штаб құрылған.
«Қоғамдық тамақтану орындарында шектеу болады. Атап айтқанда, мейрамханалар мен дәмханалар жабылады. Клиент қабылдауға тыйым салынады. Ал тамақты үйге тапсырыспен алдыру қызметі бұрынғыдай жұмыс жасайды. Қазіргі карантин уақытында бұл - ең тиімді шара деп ойлаймыз. Біз өз кезегімізде азық-түлікті жеткізу, логистика бойынша мейрамханаларға көмек береміз», - деді Сапарбек Тұяқбаев.
Оның айтуынша, басқа да қоғамдық қызмет орындары - фитнес, жаттығу залдары, спа салондар, сұлулық салондары карантин уақытында жабық болады.
«Қала тұрғындарының барлығын уақытша оқшаулануға шақырамыз», - деді ол.