Түрлі ақпараттар жан-жақтан желдей есіп тұрған кезеңде көпшілік әлеуметтік желідегі ақпараттарға сенгіш келетін көрінеді. Бұл туралы желі белсендісі Айсұлтан Жақыпов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның ойынша, "жұрт ресми мәліметке емес, ватсаптан алқынып жеткен жазбаларға сенуге бейім" екен.
"Мен туған-туыстың чатында жоқпын. Ауылдың таксиге арналған чатында, асабалар чатында, кластастар чатында бармын. Байқағаным жұрт ресми мәліметке емес, ватсаптан алқынып жеткен жазбаларға сенуге бейім. "Әй, ресми мәліметке қарасаңдарш" десең өзіңді бәткардалайды. Билік бізге қашан шынын айтып еді дегенде желкеңді қасып қаласың.
Дегенмен, өзіміз отырған топтарда паникаға берілмеу керек екенін, осындағы ілкімді ақпараттарды сол жерлерге жіберіп отыруымыз қажет екенін ұмытпайық! Ватсап тас жарады, тас жармаса бас жарады боп тұр ғой", - деген жазба авторы сөзінің түйінін әзілге айналдырған секілді.
Әлеуметтік мәселелер жайлы ойын желіге еркін жазып отыратын оның бұл жазбасын көргендерге қарап қалмаған.
Мәселен, Назгүл Қожабек: "Вацаптағы өтірікті тыюдың бір жолы - мынаны таратқан адамды полиция іздеп жатыр деп жазу", - деп күліп тұрған смайлик белгісін қалдырса, Халима Тәжіқұл: "Рас, мынаны таратқандар жауапқа тартылып, айыппұл төлейді деп басуға тура келіп тұр", - деп Назгүл Қожабектің пікірімен келісетіндігін жеткізіпті.