Коронавирустың таралу қаупін азайту мақсатында көптеген банктер мен компаниялар қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Қазақстандықтар көп жағдайда онлайн-төлемдер жасауда. Мұндай жағдайды қаржылық алаяқтар пайдалануы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алаяқтар банктер мен компаниялардың қашықтықтан жұмыс істеуін пайдаланып, халықтан қаражатты тартып алуға бағытталған түрлі алаяқтық әрекеттерді әзірлеп, іске асыруы ықтимал. Мысалы...
Дәрі-дәрмек сататын жалған сайт ашу
Алаяқтар қолданатын тәсілдердің бірі – медициналық маскалар мен дәрі-дәрмектер сататын банктердің, ұйымдардың, интернет-дүкендер мен дәріханалардың фишинг сайттарын (интернет-алаяқтықтың бір түрі) жасауға байланысты болуы мүмкін. Пайдаланушыларға олардың төлем карталары туралы деректерді енгізу ұсынылады. Олай еткен жағдайда картадағы ақшадан айрылып қаласыз, яғни сізге жеткізілмейтін тауар үшін ақша төлейсіз.
Қаржы ұйымының қызметкері ретінде хабарласу
Алаяқтар өздерін қаржы ұйымының қызметкеріміз деп таныстыра отырып, азаматтарға алып-сатарлық мақсатта валюта сатып алу үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен ірі сомаға кепілсіз кредиттер ресімдеуді ұсынады. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар мен карантин уақытында өсімпұлдар болмайтыны туралы уәде береді.
Жарнама науқанының қосылғаны туралы ақпарат тарату
Алаяқтар салымдар бойынша жоғары пайыздар болатыны туралы уәде бере отырып, әлеуметтік желілерде немесе WhatsApp-та жарнама науқаны іске қосылғаны туралы ақпарат таратуы мүмкін. Өз ақшаңызды күмәнді ұйымдарға сеніп тапсырудың қажеті жоқ.
Коронавирусқа қатысты қайырымдылық жасауды ұсыну
Кейбір елдерде алаяқтар коронавирус жөнінде ақпарат жазылған электрондық хаттар таратады. Онда дербес деректерді енгізу немесе банк операцияларын жүргізу қажет болатын әртүрлі сілтемелер көрсетіледі. Осылайша, алаяқтар пайдаланушылардың жеке төлем деректерін алу үшін әртүрлі ұсыныс айтады. Мысалы, киберқылмыскерлер пайдаланушыларға инфекциямен күресу үшін қайырымдылық жасауды ұсынады және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хатын жіберіп, төлем карталары туралы деректерді алады.
Онлайн төлем арқылы медициналық қызметтер ұсыну
Вишинг-алаяқтар әртүрлі қулыққа барады. Мысалы, ауырып қалған туысқандардың сенгіштігін пайдалана отырып, онлайн-төлем арқылы түрлі медициналық қызметтерге ақы төлеуді ұсынуы мүмкін. Бұл үшін олар телефон арқылы ақшаны есептен шығару үшін ЖСН, картаңыздың деректерін, SMS-хабарлама арқылы келген кодты сұрайды.
Қаржылық қызметтерді жүзеге асыру кезінде тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, олар Агенттікке қашықтан: пошта немесе курьер арқылы жеткізілетін жазбаша өтініш арқылы, оның ішінде Өңірлік өкілдер басқармасына жүгіне алады.
Мұндай әрекет қауіпсіздікті қамтамасыз ету және COVID-19 таралуына жол бермеу мақсатында орындалады.