Алматы қаласында Ұлттық ұлан жауынгерлері шепбекеттерді айналып өтпек болған 4 адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысы Абай елді мекенінің жанындағы Ақсай өзені қала мен облысты екіге бөліп тұр. Өзеннің жағасында карантиндік режімді бақылау Ұлттық ұлан №5571 әскери бөлімінің жауынгерлеріне сеніп тапсырылған.
«Бүгін сағат 13.40 шамасында Ұлттық ұлан жауынгерлері Алматы қаласының кіреберісіне қойылған шепбекетті айналып өтіп, қала аумағына кірмекші болған 4 адамды қолға түсірді», - делінген 23 наурыздағы хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аға сержант Қанат Бейсенбаев басшылық жасайтын әскери топ өзенді кесіп өтіп, қала аумағына жақындап келе жатқан екі адамды байқаған.
«Әскери топ оларды тоқтатқан. Мән-жайды анықтау барысында олардың жұмыс іздеп, қала аумағына өтпекші болғандары анықталды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Ақсай өзенінен өтпек болған тағы екі адам ұсталды. Мән-жайды анықтау үшін барлық адам аудандық Полиция басқармасына жеткізілді.