Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова, ДСМ бекіткен алгоритм бойынша коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу тәртібі бар екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу алгоритмі қалалық Коронавируспен күресті үйлестіру штабына ұсынылып, бекітілген. Оның тәртібі бойынша, дертті марқұмның жерлеуге қатысатын туыстарына, жалпы жамағатқа жұқтырмау басты назарда болмақ.
«Бізде алгоритм бекітілген. Аса қауіпті инфекциямен ауырып қайтыс болғандарға қатысты кремация жасалуы керек. Бірақ, ол біздің елде жоқ. Өлікті сою процедурасы жасалмайды. Дезинфекциядан соң, жерлейтін арнайы полигонға апарып жерлеу жағдайлары жазылған алгоритм қолымызда тұр.
Адамның жаназасы зираттың басында шығарылады. Жерлейтін арнайы топ құрылып, оларға арнайы қорғау киімдері беріліп, белгілі жұқпалы аурудың алдын алу ережелерін сақтай отырып іске асырылады.
Жерлеу рәсіміне эпидемиолог дәрігерлер қатысып, басқарады. Рәсім біткесін жерлеу тобы медициналық бақылауға алынып, тексеріледі», – деді Айзат Молдағасымова.