$ 494.87  520.65  4.91

«Тышқандармен бірге өмір сүруде»: Абзал Құспан президентке індетті өршітпеудің бір амалын ұсынды

«Бір адамды тәулігіне ұстау мемлекетке 4 мың теңге шамасына түседі. Қамау орындарынан 30 мың адамды босата отырып, 1 айда 3,6 миллиард теңге немесе жылына 43,2 миллиард теңге үнемдеуге болады».

Белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан пандемия кезінде мемлекеттің қолға алатын бір ісі – түрмеде отырғандардың бір бөлігін (саяси тұтқындарды, қылмысы дәлелденбей жазықсыз сотталғандарды, ол жақта денсаулығын жоғалтқандарды, жазасының жартысын өтегендерді, қылмысы жеңіл тұтқындарды, бір үйдің жалғыз баласын, т.б.) босату керек деп есептейді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы «Орал апталығы» басылымына сілтеме жасап.

Тергеу изоляторлары мен сотталғандарды қамау орындары коронавирустың басты «көшеттерінің» бірі бола алады деп санайды Абзал Құспан. Бұл туралы ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жазды. Бұл ретте, адвокат қамаудағыларды ұстау шарттарын айтып, мысалға Нұр-Сұлтан тергеу изоляторын келтірген.

«Бүгінгі таңда ешкім үшін құпия емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылған және қылмыстың әртүрлі санаттары үшін сотталған адамдарды қоғамнан оқшаулау орындары толып кетті. Бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

ТИЗО-да және колонияларда ұстау жағдайлары халықаралық стандарттарға, тамақтану сапасына, қалыпты өмір жағдайларымен қамтамасыз ету (серуендеу, медициналық көмек, күн сәулесі, таза ауа және т.б.) талабына сәйкес келмейді.

Осыған байланысты, бас бостандығынан айыру орындарында және ТИЗО-да адамдардың болуына тыйым салу бойынша уәкілетті орган қабылдайтын шаралар анық жеткіліксіз болып табылады және ауру жұқтыру қаупін төмендетпейді.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы елордалық тергеу изоляторында ұстау камерасы санитарлық жағдайға сәйкес келмейді. Қамалғандар шағын габаритті қапаста вирусты таратушылармен (тышқан) бірге өмір сүретін, тамақ жейтін, ұйықтайтын күндеріне үнемі шағымданады.

Мұндай жағдайда вирус колонияға кірсе, онда ұсталатын адамдар үшін өлім болып табылады» дейді адвокат.

Одан әрі Абзал Құспан басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қамаудағылар арасында жаппай індет жұқтырудан құтылуға болатын шешімді келтірді.

«...Мысалы, Иран мемлекеті апаттың алдын алу және жаппай өлім-жітім мүмкіндігін болдырмау мақсатында 85 мың тұтқынды босатты. Польшада тергеу қамауындағылар мен сотталғандар жазасын үйде өтеуге мүмкіндік алды. Осыған ұқсас шаралар Украинада да қарастырылуда.

Осыған байланысты, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшін, азаматтарға қатысты зорлық-зомбылық қолданумен байланысты емес және қоғамға қауіп төндірмейтін, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарды, сондай-ақ, зейнет жасына жеткен, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылған адамдарды және әйелдерді босату туралы мәселені қарастыруды сұраймыз», - деген ол ашық хатында.

Хат соңында құқық қорғаушы мұндай шаралар мемлекет үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болатынын және дертті жаппай жұқтыру қаупін төмендететінін атап өтті.

«Мұндай шаралар зарарланған адамдардың санын азайтуға ықпал ететіндігіне және экономикалық тұрғыдан мемлекет үшін тиімді деп есептелетініне сенімдімін.

Коронавирусқа қарсы күрес барысында біздің мемлекетіміз орасан зор материалдық құралдарды тергеу изоляторлары мен колониялардағы адамдарды ұстауға жұмсайды. Бір адамды тәулігіне ұстау мемлекетке 4 мың теңге шамасына түседі. Қамау орындарынан 30 мың адамды босата отырып, 1 айда 3,6 миллиард теңге немесе жылына 43,2 миллиард теңге үнемдеуге болады», - дейді Абзал Құспан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары