Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық арналардың тікелей эфирінде жасаған үндеуінде еліміздегі үш мегаполистің іргесіндегі ауылдарда еңбекке жарамды азаматтарға 2 минималды айлық көлемінде ақша берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қазіргі уақытта карантинге байланысты, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының маңында еңбекке жарамды азаматтардың көптігі байқалады. Ең алдымен, жастар көп. Сондықтан Үкімет пен әкімдер дәл осы аймақтарда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде нақты жобаларды бастауы керек. Азаматтарда ақша табу мүмкіндігі болуы тиіс. Олар жабылып қалған шлагбаумда отырмауы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Президент еңбекке жарамды азаматтарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысқа келгеннен-ақ 2 минималды айлық көлемінде (85 мың теңге) көтерме ақы берілетінін айтты. Яғни, ол сома айлыққа қосымша ақы ретінде берілмек.