02.04.2020, 02:50

Мұғалімдерді маска тігуге мәжбүрлеген шенеуніктерге ескерту ғана жасалды

фото: tengrinews.kz
«Әр мүғалім күніне 600 маска тігуі керек. Бізде уақыт бар ма, әлде, тігін машинамыз бар ма, оны сұрамайды да», - деп шағымданған еді олар.

Кеше Түркістан облысының Сайрам ауданында мектеп басшылығы мұғалімдерді маска тігуге мәжбүрледі деген ақпарат елді біраз дүрліктірген еді. Кейін Nur Otan партиясының жергілікті филиалы бұл мәселені «майшаммен қарады» деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Вирус деп бізді, мұғалімдерді маска тігуге мәжбүрлеп жатыр. Әр мүғалім күніне 600 маска тігуі керек. Бізде уақыт бар ма, әлде, тігін машинамыз бар ма, оны сұрамайды да. Оған қоса, маска тікпесек, 15 000 теңге береміз деп қорқытып жатыр. Бұл қаншалықты заңды? Осы мәселені шешуді сұраймыз», - деп шағымданған екен бір мұғалім партияға.

Содан тексеріс жүргізген комиссия мүшелері бұл деректі растап отыр.

«Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Шадиева жауапкершілікке тартылды. Басшылыққа мұндай ереже бұзушылық жасамау керегі туралы ескерту жасалды», - дейді Nur Otan партиясының баспасөз қызметі.

Бір қызығы, біздің елде осындай кез келген жағдайда министр мен әкімдер емес, тек солардың орынбасарлары ғана жазаланады. Ал бұл ретте мұғалім біткенді еркінен тыс кез келген жұмысқа жеге алатын аудан шенеуніктері жай ғана ескерту алып құтылған. Оның өзінде партия филиалының тарапынан.