Сәуір айында кәсіби мереке көп. Адам жанын ізгілікке үндейтін діни мейрам да, лиро-эпостық жырлардан негізін алатын ғашықтар күні де осы айда. Sputnik Қазақстан оқырмандар назарына атаулы күндер жайлы деректерді ұсынады.
Көші-қон полициясы күні
5 сәуір – Қазақстанның көші-қон полициясы күні. Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған: 1993 жылы дәл осы күні елде паспорттық-визалық қызмет қайта құрылып, кейінірек ол көші-қон полициясы деп өзгертілді.
Геологтар күні
Қазақстандағы Геологтар күні сәуірдің бірінші жексенбісінде аталып өтеді. 2020 жылы бұл кәсіби мереке 5 сәуірге тура келеді. Осы күні сала қызметкерлері көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев пен оның ізбасарларының геологияға қосқан үлесі мен рөлін айрықша атап өтеді.
Ғарышкерлер күні
12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарыш күні. Бұл республика үшін ерекше оқиға, өйткені алғаш ғарышқа ұшу Қазақстан жерінде болды. 1961 жылы 12 сәуірде ракета-тасымалдағыш "Восток" ғарыш кемесін орбитаға шығарды. Оның бортында Юрий Гагарин болды.
Алғашқы қазақ ғарышкері - Тоқтар Әубәкіров, егемен Қазақстанның тұңғыш ғарышкері - Талғат Мұсабаев, ал 2015 жылы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты.
Ғылым қызметкерлері күні
Ғылыми қоғамдастық өкілдері өздерінің кәсіби мерекесін 12 сәуірде атап өтеді. 1899 жылы осы күні Қазақ КСР Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келді. Қазақтардың көпғасырлық тарихында алғашқы геолог болған Қаныш Сәтбаев Жезқазған мен Қарсақпай аймағының басқа да пайдалы қазбалар кен орындарын мұқият зерттеді. Ол бүкіл өмірін өз Отанындағы ғылымның дамуына арнады.
Ғашықтар күні
15 сәуірде Қазақстан ғашықтар күнін атап өтеді. Мереке қазақ лиро-эпостық жырының кейіпкері Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың құрметіне арналған.
Бұл күн 2011 жылдан бері халықаралық Валентин күніне балама ретінде тойланады.
Мемлекеттік күзет қызметі күні
Мемлекеттік күзет қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін 21 сәуірде атап өтеді. Бұл құрылым ұлттық қауіпсіздікке жауапты құрылым болып табылады.
Қасиетті Рамазан айы
2020 жылдың діни күнтізбесі бойынша, мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы 25 сәуірде басталады. Ниет етіп ауыз бекіткендер оразаны 30 күн бойы ұстау керек.
Рамазан айында ораза ұстау тек ауыз бекітумен шектелмейді: мұсылмандардың ниеті кедейлерге көмектесіп, садақа беріп, отбасылық байланысты нығайтуға негізделеді.