Карантин қарсаңында полиция қызметкерлерінің басынан дау арылмай қойды. Әлеуметтік желілерде белгілі журналистер мен блогерлер олардың кейбірінің тосқауыл бекетінен адамдарды ақшамен өткізіп жіберіп жатқанын күн құрғатпай жазып жатса, тағы бір азамат көлік тоқтатып тұрған сақшының «халыққа қызмет етпейтінін» жария етті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Видеодан жолда көлігін тоқтатқан тәртіп сақшысынан жүргізуші оның себебін сұрап, арнайы бұйрықты көрсетуін талап етіп жатқанын көруге болады. Екеуара диалог былай өрбіген:
– Сен енді көрсетсеңші приказыңды, тоқтата бермей каждый машинаны! – Мен сізге көрсетуге міндетті емеспін! – Міндеттісің! Сен халыққа қызмет етесің. – Халыққа қызмет етпеймін мен! – Кімге қызмет етесің? – Халыққа қызмет етпеймін. Қателеспеңіз! – Кімге қызмет етесің? – Қателеспеңіз өйтіп! Халыққа қызмет етпеймін... – Кімге қызмет етесің? Сен жұмысқа не себеппен кірдің? А? Әлде, мыналарды тоқтатып, штрафовать етіп, ақша жасау үшін кірдің бе не, жұмысқа?..
Сол сәтте өз сөзіне жауап бере алмаған полицей бар болғаны «Қателеспеңіз, қателеспеңіз...» деп тайсақтай берді. Видео осы тұсынан шектелген. Әрі қарай не болғаны белгісіз. Әзірге құзырлы органдар тарапынан ол туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ал бұл видеоны көрген көпшіліктің есінде қалатыны – полиция сержантының «халыққа қызмет етпейтіні» ғана.