$ 498.34  519.72  4.85

«Еңбекті бағаламау өте ұят және өте ренжуліміз» - үстемақыға ілінбей қалған дәрігерлер

Әрбір дәрігерлік учаскеде COVID-19 күмәнді науқастарға жауапты бір медицина қызметкері бар. Одан бөлек күнделікті қабылдауға ЖРВИ, пневмониямен қанша адам келеді?! Міндетіміз болған соң тәуекелмен адамдарды қарадық.

Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия коронавирус жұқтырған  науқастарды тікелей емдейтін дәрігерлерге берілетін сыйақы мөлшерін бекітті. Алайда емханадағы дәрігерлер қосымша төлемге ілінбей қалған. Ал жекеменшік немесе жартылай мемлекеттік емханадағы мамандар коронавирус індетін жұқтырған немесе оған күдікті деген адамдарды алдымен қарап, тест сынамасын алады. Яғни, емдеуші  мамандардың қолына түскенге дейін қауіпті жұмыстарды атқаратын осы зертхана мен емханадағы қызметкерлер.  

 Azattyq Rýhy-ның редакциясына хабарласып, үстемақыға ілінбей қалғандарын айтқан бір топ маман Ақмола облысы Қоянды ауылының дәрігерлері. Олар ауылдағы вирусология орталында COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастан алғашқы сынаманы алған. 

«Қоянды ауылындағы зертханаға келген адамдардан тест сынамасын алдық. Келген тұрғындардың бірінен қауіпті вирус анықталды. Біз министрдің қаулысы бойынша жұмыс істеп, сынама алдық. Мұрыннан және арқадан жұғын аламыз. Алынған сынамаларды күнбе күн Нұр-Сұлтандағы орталыққа жеткізіп тұрдық. Енді, міне, өзіміз де карантинге түсіп қалдық. Оқшауланып жатқанымызға бір апта болса да, бізден алынған тест нәтижесі әлі дайын болмады. Ал тәуекелмен жұмыс істесек те, үстемақыға ілінбедік», - деді медбике Айдана Сейітова.  

Зертханаға сынама тапсырған адамнан COVID-19 анықталғандықтан, ол жердегі 15 қызметкердің бәрі карантинге жатқызылған. Байланыста боған 1 дәрігер мен 3 медбике қазір Көкшетаудағы медколледж жатақханасында, қалған 11 қызметкер үй карантинінде жатыр. Ал Ақмола облысының тағы бір дәрігері Сұңқар Хабданбай өздерінің үстемақыға ілінбей қалуын әділетсіздік деп, мемлекеттік комиссияның шешіміне қарсы екенін айтты. 

«Коронавирус табылған адамнан сынама алдық. Бірақ үстемақы берілетін тізімде емхана қызметкерлерінің болмауы бізді қатты ренжітті. Емханаларға науқастар тікелей келгендіктен, бізде қауіп жоғары. Болмаса біздің өзге медициналық қызметкерлерден кемшілігіміз де жоқ, артықшылығымыз да жоқ. Бөліп-жармай, бірдей қарау керек», - деді дәрігер С. Хабданбай. 

Мемлекеттік комиссия коронавирус жұқтырған және олармен байланыста болатын дәрігерлерді үш санатқа бөлді. Жұқпалы аурулар ауруханаларындағы дәрігерлер, аға және кіші медицина қызметкерлері «өте жоғары қауіпті» тізімге жатқызылды. Жансақтау бөлімдегі қызметкерлерді қоса алғанда дәрігерлерге ең жоғары үстемақы 850 мың теңге тағайындалса, одан екі есе аз, 425 мың теңгені провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметкерлері алады. Карантиндік ауруханалардың дәрігерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері үшін де 212,5 мың теңге қарастырылған. Қауіпті індетпен күресіп жүрген жоғарыдағы қызметкерлерге уәделі ақша үш айдың ішінде берілуі тиіс. Алайда шетелден келген адамдарды алдымен қарап, карантинге жатқан жандарды да бақылайтын өзге дәрігерлер өздерінің жұмысына әділетсіз баға берілген деп санайды.  

«Мен де жан жақтан үн қатып жатқан әріптестеріме қосыламын. COVID-19 күдікті науқастармен байланыс жасайтын бірінші мамандар біз боламыз. Әрбір дәрігерлік учаскеде COVID-19 күмәнді науқастарға жауапты бір медицина қызметкері бар. Одан бөлек күнделікті қабылдауға ЖРВИ, пневмониямен қанша адам келеді?! Міндетіміз болған соң тәуекелмен адамдарды қарадық. Нұр-Сұлтан қаласынан 60 шақырым жерде тұрамыз. Үй карантинінде жатқан адамдарды бақылау бізге жүктелді.  Еңбек ескерілу керек», - дейді ренішін айтқан Ақмола облысы Аршалы ауданының дәрігері Армангүл Намазбаева.  

Карантинге алынған ғимараттарды бақылау клиника қызметкерлеріне жүктелген. Жергілікті емханаларда да жұмыс қызу. Дәрігерлер мәселе ақшада емес, тек осы салада жұмыс жасаған мамандарды алалау әділетсіздік деп отыр.  

«Жергілікті дәрігерлер қазір не істеп жатыр? Айталық, отбасында бір адам ауруханаға коронавируспен түседі, қалған отбасы мүшелерін біз бақылаймыз. Біз оларға күніне екі рет келіп, температураны өлшейміз, өкпелерін тыңдаймыз. Егер оларда вирус бар деген күдікті байқасақ, жедел жәрдем шақырамыз. Бірінші байланыс біздің деңгейімізде болады. Қазір біз инфекцияның 16 ошағында науқастарды бақылап отырмыз. Әр ауру - бұл отбасы, ал отбасында 4-5 адам бар. Еңбекті бағаламау өте ұят және өте ренжуліміз», - деді клиникада 20 жылдық тәжірибесі бар Ақмаржан есімді алматылық эпидемиолог.

2019 жылдың соңында алматылық дәрігерлер өз құқықтарын қорғау үшін тәуелсіз консультативтік медициналық қоғамдастық құрды. Оның директоры Дәурен Нұрсапа дәрігерлерді бұлайша  қаржылық көмекке бөлу әділетсіз деп санайды. Айтуынша, бұл шешімнің салдары өте ауыр болады. Жұмыс істеседе сыйақыдан қағылу емдеуге және адам өмірін сақтауға деген мотивацияға кесірін тигізеді. 

«Бұл әділетсіздік. Осылай шешім қабылдау тәжірибесі жоқ адамдардың ісі. Бұл дәрігерлердің де індет жұқтыру қаупі өте жоғары. Алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлеріміз, жалпы тәжірибелік дәрігерлер үлкен жұмыс атқаруда. Алайда белгісіз себептермен олар үстемақының тізімнен шығарылды. Ел көлемінде 50 мыңнан астам дәрігер қаржылық ынталандырудан құр қалды. Дәрігерлер мотивациясын жоғалтады. Өмірге арашашы адамдарды неге қолдамасқа?», - дейді қоғамдастықтың директоры Дәурен Нұрсапа. 

Коронавируспен күресуде берілген тапсырма бойынша атсалысқан елдегі дәрігерлер армиясының үстемақыдан не себепті құр қалуы әлі белгісіз. Медициналық қоғамдастық Денсаулық сақтау министрлігіне тізімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс дайындап жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#дәрігерлер