$ 494.87  520.65  4.91

«Дәл қазір қазақ жігіттерінің азаматтығы сыналар сәт» - әскери жиынға өтініш білдірген азамат

«Өз еліме қиын кезеңде аз да болса көмегім тисе, бойымды мақтаныш билейді», – деді Алматы қаласының тұрғыны Алмас Сапарбайұлы.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Әлемді дүр сілкіндірген қауіпті вирустың қай елге болса да, оңай соғып жатпағаны белігілі. Осындай сын сағатта ел болып жұмылып, ауыртпашылықты бірге көтеру әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Осы мақсатта Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев он екі мүшесі сау азаматтарды әскери арнаулы жиындарға шақыру жөнінде қаулы қабылдаған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Басты мақсат – ең алдымен халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Қаулы қабылданып, еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеме жасағаны сол еді.  Алматы қаласында өз еркімен әскери жиынға барып, көпке көмектескісі келетіндер саны күрт өскен. Солардың бірі – Алмас Сапарбайұлы. Ол Сарыөзектегі әуе-десанттық 12740 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп келген. Запастағы аға лейтенант сын сағатта отанына пайдалы болғысы келеді.

«Президенттің жарлығын теледидардан естіп, мен де әскери жиынға барамын деп шештім. Бірден өз ауданымдағы әскери бөлімшеге барып өтініш білдірдім. Мамандармен кеңескенімде әскери жиынға жарайды екенмін. Қажетті құжаттарды дереу жинап, өткізіп қойдым. Енді шақыртуларын күтіп отырмын. Өз еліме қиын кезеңде аз да болса көмегім тисе, бойымды мақтаныш билейді», – деді Алматы қаласының тұрғыны Алмас САПАРБАЙҰЛЫ.  

Ералы Әшімов заңгер болып қызмет етеді. Ол да жарлықты естіген кезде ойланбастан, жұмысын ысырып, аудандық әскери бөлімшеге құжаттарын жинап алып барады. Ералы ел үшін еткен қызметті азаматтық парызым деп біледі.

«Дәл қазір қазақ жігіттерінің азаматтығы сыналар сәт. Осындай кезеңде әрқайсымыз бірігіп күш көрсетсек, біз үшін алынбайтын қамал жоқ. Сондықтан өзіммен бірге, жігіттерді әскери жиынға баруды шақырамын. Қауіпті індеттен тез арада құтылу үшін бірігіп әрекет етейік. Мықтылардың ұрпағымыз ғой», – деді Алматы қаласының тұрғыны Ералы ИШИМОВ.  

Осындай қайсар азаматтарға қарап, майдан даласында ерлік көрсеткен батыр бабаларымыз, еріксіз еске түседі. Себебі олар да сол кезеңде ел үшін қасқайып тұрып, өз еркімен ұрыс даласына сұранып еді ғой. Елге емес, әлемге төніп тұрған қауіп кезінде мұндай азаматтарымыздың бары қуантады, әрине. Олар майдан даласына аттанбаса да, әскери жиынға өз еркімен сұранып баруы ерлікке парапар дүние.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#әскери көмек