Білім саласындағы түйткілді мәселелер туралы ойын ашық айтып жүрген елімізге белгілі ұстаз, «QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы қазіргідей төтенше жағдай жарияланып, бірнеше қалада карантин енгізілген шақта 3 мегаполисте 3 емхана салуды ақымақтыққа балап отыр. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Экономист немесе саясаткер еместігін айтып, азаматтық пікірген білдірген оның пайымдауынша, әлгі емханаларды дер кезінде салып бітіре қоятындай Қазақстаннның әл-әуқаты жоқ көрінеді.
"Дәл қазіргі жағдайда карантин деп 3 мегаполисте 3 емхана салу – ең үлкен ақымақтық. Неге?
1. Дәл біз сол COVID-19 үшін арнаулы емхана салатындай жан санымыз үлкен ел емеспіз. Бір қаласы бес миллион болатын ел болсақ бір сәрі.
2. Лезде бітіре қоятындай еңбек күш те, техникалық әлеует те жоқ.
3. Құдай сақтасын, ауру мүлде сыймай жатса, дәл қазір үш мегаполистағы бүкіл 5, 4, 3 жұлдызды қонақ үйлер бос тұр. Соларды уақытша карантиндік емханаға айналдыра салуға болады!
4. Оны салған экономикаға қазіргі бар ауруханаға техникалық аппараттар сатып алу 100 есе өнімді болар еді", - деп жазды ол, Facebook парақшасында.
Ал өзекті мәселелер жайлы әлеуметтік желіге ұдайы жазып отыратын белгілі дәрігер Ғабит Нұрханұлы болса, оның пікірімен келіспейтінін айтты.
"Олар аурухана деген аты болмаса, дайын құрастырмалы палаткалар, жылу, лифт деген болмайды. Мобильді ауруханалар, бүкіл әлемде ондайлар бар. Аса қатерлі инфекциядан кейін жойып жібереді. Қонақүйден аурухана жасауға болмайды. Себебі эпидемиядан кейін ол жерге қонақтар келмейді, обработка жасауға келмейді. Сосын әр бөлмеге кислород жүргізу керек, жекеменшік қонақүйлер келіспейді", - деп бірнеше фактілерді алға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматыда жаңадан карантин орталығы бой көтереді» деп Instagram парақшасы арқылы хабарлаған болатын. Ал бүгін Нұр-Сұлтан қаласында республикалық қарқынды терапия орталығы құрылғаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, мекеме көпсалалы медициналық орталық базасында коронавирустық инфекциясы бар ауыр науқастар үшін құрылған.