07.04.2020, 16:20

Ел коронавируспен күресіп әуреленсе, кейбір клиникалар кеуде үлкейту қызметі үшін жеңілдік жариялаған

Фото: pixabay.com
Клиниканың есігі айқара ашық тұр. Ал карантин туралы ескертпенің орнына клиенттерге бетті тартқызатын отаның құны жазылған қағаздар ұсынылған. Бірақ түсірілім тобын көре сала, компания басшысы азар да безер болды.

Алматыда карантиннің күшейтілгеніне қарамастан, кейбір моншалар, сұлулық салондары мен пластикалық ота жасайтын жеке клиникалар қызметін тоқтатпаған. Әсіресе, соңғылары жаңадан кеуде салуға жеңілдік жариялап, қыз-келіншектерді одан сайын қызықтырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.

Қызығы сол, карантин басталғалы екі аптадан асса да, төбе көрсетпеген құзырлы органдар түсірілім тобы барғаннан кейін ғана аяқ асты пайда бола кетті.

  Карантинмен бірге жеке меншік клиникалар да қалыспай, қарқынын күшейтіп жатыр. Мәселен, осы айда қыз-келіншектерге кеудесін үлкейтуге жаппай жеңілдіктер жарияланған. Небәрі екі күн бұрын пайда болған жазбада, тіпті, қарызға жасату мүмкіндігі жазылған. Тек клиникаға келсеңіз болғаны. Ал біреулері ендігі екі апта ғана уақытыңыз қалды деп одан сайын асықтырыпты. Қыз-келіншектерді шақырған клиникаға біз де бас сұқтық. Бірақ, кеуде салдыру үшін емес, қателіктің кеткеніне көзжеткізу үшін. Сөйтсек, жарнамасы алдамапты. Клиниканың есігі айқара ашық тұр. Ал карантин туралы ескертпенің орнына клиенттерге бетті тартқызатын отаның құны жазылған қағаздар ұсынылған. Бірақ түсірілім тобын көре сала, компания басшысы азар да безер болды.          

"Азаматтарды қабылдап, не ота жасап жатқан жоқпыз. Қызметкерлерді еңбек демалысына жібердім. Бәрі үйінде. Тек карантинге дейін ота жасалған пациенттердің жібін алып, жарасын таңу үшін тек бір ғана кезекші дәрігерді алып қалдық", - дейді Пластикалық хирургия және косметологиялық клиниканың бас директоры Болат Бөлдекбаев.

 Ал соңғы ота бір ай бұрын жасалыпты. Бірақ, оған дәлел болатын құжатты көрсете алмады. Айтуынша, науқастарды тіркейтін журналды қызметкерлердің бірі үйіне алып кеткен. Жаңа кеуде туралы жарнама құзырлы органдарды да қызықтырса керек. Карантин басталғалы екі аптадан астам уақыт өтсе де, олар енді ғана төбе көрсетті.     

  Біз қазір пластикалық ота жасайтын клиникалардың біріндеміз. Артымызша бірден құзырлы органдар бірге кірді. Әкімдік қызметкерлері, полиция және прокуратура қызметкерлері. Бірақ, неге екені белгісіз, камераны көре сала, шығып кетті. Бұдан басқа да клиникалардың ашық тұрғаны белгілі боп қалды. Бірақ, олар да карантиннен кейін клиент «қабылдамадық» деп ақталды. Ал жұмысқа гүлдерге су құю үшін келіпті-міс.

 Алматылық жезөкшелер де бұл күндері жұмыста жүр. Осылайша өткен демалыста моншада жігіттерді карантин кезінде шомылдырып жүрген бір топ түнгі көбелек ұсталды. Павлодар тұрғыны өз үйін кинотеатрға айналдырған. Бір ғана сеансқа 10-нан астам адамды кіргізіп шығарған. Ол жігітті тәртіп сақшылары 10 тәулікке қамауға алды. Одан бөлек, өзгелердің денсаулдығына қауіп төндіргені үшін қомақты айыппұл салды.