$ 494.87  520.65  4.91

«Сен ауру болмағандықтан міне алмайсың»: Үндістанда донор күтіп жатқан қазақ қызы Президенттен көмек сұрайды (ВИДЕО)

Пандемия кезінде бәрі тоқтатылды. Бірімізде инфекциямен күресетін орган - шегіміз жоқ, біріміздің жүрегімізде ашық жара бар (инфекция бірден түсетін), ал бірімізде өкпе жұмысын дұрыс атқармайды. Бұл жағдайымыз ауыр демей немене?!
Фото: https://www.instagram.com/aitompaq_asqarqyzy_help/
Фото: https://www.instagram.com/aitompaq_asqarqyzy_help/

Үндістан еліне ем іздеп кеткен қазақстандық Айтолқын Асқарқызы бірқатар мәселелерді жіпке тізе отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлынан елге қайтаруын сұрайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол отандық дәрігерлердің кесірінен денсаулығына зақым келіп, амалсыз Үндістанға аттанған болатын, қазіргі уақытта оның донор күтіп жатқанына 1 жыл 3 ай болды.

Айтолқынның айтуынша, әлемдік деңгейде орын алып отырған COVID-19 пандемиясына байланысты Үнді елі де карантин және комендаттық уақыт орнатқан болатын, сонымен қатар клиникаларда жедел көмектен басқа түрлі деңгейдегі оталардың бәрі тоқтатылған.

Осы орайда ол карантин басталғалы шетелдегі қазақтарды қайтару шарасы жүріп жатқанын алға тартып, Президенттен өзімен қоса, бірнеше қазақстандық науқасты елге қайтару мәселесін шешуді сұрайды.

"Мен, ҚР азаматы Бақтығалиева Айтолқын Асқарқызы, осы видеоүндеуімді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлына, Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлына жолдаймын. Қазіргі таңда мен Үндістанның Чиннай қаласында ішек трансплантациясын күтіп жатқан пациентпін. Донор күтіп жатқаныма 1 жыл 3 ай болды.

Карантин жарияланғаннан бері шетелдегі қазақстандықтарды елге қайтару шаралары жүруде, ал біз ше?!

Біз елімізден жырақтап, шетелге еріккеннен қыдырып кеткен жоқпыз. Мен өзім дәрігерлердің қателігінен бір органымнан айрылып, ем іздеп келдім және ілң күнге дейін қасымда бөгде кісінің көмегіне мұқтажбын.

Осыдан шамамен 3 апта бұрын Денсаулық сақтау министрлігі клиникамызға ресми хат жолдап, белгісіз бір уақытқа дейін пациентті елге қайтару туралы анықтама алды және санитарлық авиацияға қажетті құжаттарды алып, сұраныс жіберді. Содан бері сол анықтаманы 2 рет алып, бүгін 2020 жылдың 10 сәуірінде санитарлық авиация жіберу-жібермеу туралы комиссияға 3-інші рет тағы анықтама алу туралы амал жасап отыр. Сөйтіп үш жұма бойы тек анықтама алумен шектеліп, күні бүгінге дейін донор күтіп жатырған 3 пациент күтушілерімен әлі де кете алмай отырмыз елге. 

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар саны 7000-ға жетті және бұл көрсеткіш сағат санап артуда. Біздің қауіпті аймақта екеніміз осыдан-ақ түсінікті деп ойлаймын. 

Менен бөлек жүрек және өкпе трансплантациясын күтіп жатқан 2 пациент бар. 

Санавиацияның қолдану тәртібі маған белгісіз. Қандай жағдай болмасын, қағазда жазылған әріптердің белгіленген тәртібімен емес, адамгершілік тұрғысында шешім қабылдау керек деп ойлаймын. Екі арада құжат сұрастырып, оның критерийлерін талқылап отыратын уақыт емес. Біздің қауіпсіздігіміз үшін шешімді тез қабылдап, бізді қайтарып алатын уәкілетті органдар 3 апта бойы тек қана анықтама жинаумен әлек. 

Пандемия кезінде бәрі тоқтатылды. Бірімізде инфекциямен күресетін орган - шегіміз жоқ, біріміздің жүрегімізде ашық жара бар (инфекция бірден түсетін), ал бірімізде өкпе жұмысын дұрыс атқармайды. Бұл жағдайымыз ауыр демей немене?!

Тағы оқи отырыңыз: 

Дәрігердің кінәсінен сәбиімен қатар ішегінен айрылған Айтолқын Үндістанда баспанасыз қалды (ФОТО)

Қарапайым азаматтық ұшақпен ұша алмайтынымыз да және ұшпайтыны да анық. Сонымен бірге тағы жеткен хабар бойынша құжаттарды жинап, оң нәтижеге жеттік дегеннің өзінде, санавиация тек қана 3 науқастан басқа күтушілерін алып кетпейміз деп тіресіп отыр. Сонда қасымызда жылдап бізді күтіп отырған күтушілеріміздің жай-күйі қалай болмақ? Олар сонда Қазақстанның азаматы емес пе? Санавиация қызметкерлері келіп тұрып, "сен ауру болмағандықтан міне алмайсың" деп тастап кетпек пе? Не деген бюрократиялық ел едік!

Қазақстандағы бірде-бір дәрігер менің жағдайымды түсініп, ауыр жағдайдан алып шыға алмағанда, күтушімді тастап кетсем, маған елде кім қарайды? 2 апта карантинде жататынымыз тағы бар. 

Шешімді бөгде орын емес, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері қарап жатқан соң, бізге қатысты барлық нюанстарды қарастыру қажет емес пе? Менің жағдайымды бес саусақтай біліп, ем-домымды беретін күтушімсіз мен Қазақстанға қайта алмаймын. Өйткені мен өзімді тікелей өлімге итермелегенмен тең боламын. Әуе кеңістігі жабық, ешқандай ұшақ ұшып жатқан жоқ. Сонда біздің күтушілерімізді қалай келсін деп ойлайды? 

Санавиацияның шешімін алу тым қиын болса, басқа да жолдары бар деп ойлаймын. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын", - деп жан ұшырды Айтолқын Instagram-парақшасына жүктеген видеоүндеуінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары