Соңғы бірер күнде төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге көмек алған адамдар арасынан «алаяқтық жасағаны болса, істі болады» дейтін әңгіме шығып, ол әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Осы мәселеге орай, бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов facebook парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Министр жазбасын қаз-қалпында берейік:
«42500 мың теңге алған үшін соттайды екен туралы. Біраз заңгерлер алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы мақала, не посттар жазуда. Оны 42500 теңгеге қатыстырып келтіруде. Заңгерлер болған соң заңды бізден артық біледі ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бірақ, бұл тек алаяқтарға қатысты. Сіз ондай емессіз ғой. Сіз ешкімді алдаған жоқсыз.
Мен брифингтерімде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз үшін – «мен жұмыс, тіршілік жасап (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, енді төтенше жағдайға қатысты сол табыстан айырылдым» деп шештіңіздер ма? Кейін, мен ескерткендей, өтініш бергенде порталда төмендегі жазбаны тағыда оқып, растап, сөйтіп барып өтінішті жібердіңіз ба? Ондай болса – Сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік. Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар.
Дәл мен айтқандай жасаған болсаңыздар, біздің тарапымыздан үйді аралап ешкім тексермейді. Бұл қайдан шыққан әңгіме дейсіздер ғой. Соңғы брифингте, бір жүрналист маған – мен жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып жүрген адам 42500 теңге алғанын білемін, оны қалай өткізіп алдыңыз деп сұрады.
Мен оған, біз өтініш беру тәртібін, халықтың сұрауы, талабы бойынша барынша қарапайымдаттық, жұмыс беруші өтінішінде қызметкерлерімді ақысыз демалысқа жібердім деп көрсетті, біз оған сендік. Ал олай болмаса, жұмыс беруші жауап береді, оны біз кейін тексеріп аламыз деп жауап қайтардым. Брифингті көргендер растайтын шығар. Жалпы дұрыс емес пе?
Артынша екінші сұраққа, өтініш берген халықты, үйлерін аралап тексермейміз дедім. «Сіз айттыңыз, біз сендік. 42500 алдыңыз ба, жаратыңыз» дедім. Солай болады.
Сондықтан, осы жағдайда, өзіңіз үшін тағыда шешіп алыңыз – мен 42500 теңгені алдап алдым ба, жоқ па деп. Әрине жоқ. Олай болса Сіз ешқандай жауапкершілікке ешқашан тартылмайсыз.
Халық 42500-ге өтініштерін еріккеннен беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым таза халықты артынша тексеріп жатпаймыз. Аман болыңыздар, өзіңізді, жақындарыңызды мына індеттен сақтаңыздар!» - деді Біржан Нұрымбетов.