$ 494.87  520.65  4.91

«Кеше көршілерім тамақ берді»: 42500-ді ала алмай сандалған жұрт «Нұр Отанның» алдында құлап жатыр

Төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік көмектен де қағылған. Есесіне, 42 500 теңге мен «Біргеміз» қорынан берілетін 50 мың теңге жағдайы жақсыларға түсіп жатқан көрінеді.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Шымкент шенеуніктері 42500-ді сұрап келген көпбалалы аналар, мүгедектер мен жетім-жесірлерді сандалтып қойған. Әлеуметтік төлемнен дәмелілер әкімдіктерге барса, ондағылар мәселені қарамай, бірден «Нұр-Отанға» сілтейді екен. Амалы таусылған жарымжан жандар мен жалғызбасты аналар партия филиалының алдын босатпайтын болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«Кеше көршілерім тамақ берді, біреуі – картобын, біреуі – майын. Сонымен күн көріп жүрмін. Қарызым 12 мыңнан асып кетті, картошка, наным. Міне, Құдай тұр, барып дүкеннен сұра. Қарызымды бере алмай отырмын. 42 мыңға өтініш бергенмін, берілмейді деген жауап келді», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Байысбаева.

Көз жасы көл болып тұрған жалғызбасты бұл әйел мүгедек баласымен пәтерде тұрады екен. Төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік көмектен де қағылған. Есесіне, 42 500 теңге мен «Біргеміз» қорынан берілетін 50 мың теңге жағдайы жақсыларға түсіп жатқан көрінеді.

Көмек сұрап барғандарды әкімдік партияға сілтеп, мұқтаж жандардың ары-бері сандалғандарына 10 күн болған. Таңнан қара кешке дейін жөнін айтар шенеунік таппағандардың кейбірі, тіпті, есінен танып құлап та жатыр. Оларды сол жерді күзетіп жүрген полицейлер мен жанындағы әйелдер демеп, су бүркіп әуре.

Ал нұротандықтар әлеуметтік көмек алатындардың тізімі де, түсіндіру жұмыстары да аудандық әкімдіктердің мойнында екенін айтады. Сондықтан өз жұмысын өзге мекемеге жүктегісі келетін әріптестеріне өкпелі. 

«Бізге келетін 20-30 адамның жартысынан көбі 42500 сұрайды. Оған «Нұр Отан» партиясының ешқандай қатысы жоқ. Егер де аудан әкімдіктерінің қызметкерлері «Нұр Отанға» жіберіп отырса, олар өз міндеттерін басқа біреуге жүктегісі келіп отыр. Жалпы, бұл дұрыс емес. Біз бұл мәселені қала әкімінің алдында да айттық. Бұл мәселеге мұқият қарау керек», - дейді «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы бастығының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Шымкент #42500