18.04.2020, 16:10

«Әйелдің құқығы қорғалу үшін билік басына әйел келу керек пе?» - заңгер

фото: qaa.kz
Бір қызығы, бәрін көршілері, полиция қызметкерлері, туысқандыры білген, бірақ, ешқандай шара көрмеген! Әйелі кінәлі, анау екі періште неге кінәлі болды екен?

Батыс Қазақстан облысында бір қаныпезердің әйелі мен екі қызын тірідей өртеп жібергені туралы жантүршігерлік жайт жайлы журналист Гүлмира Әбіқайдың жазбасы көпшілікті бейжай қалдырмаған болатын. Бұл оқиға жайлы біз ақпарат жариялаған едік. Марқұм әйелдің екі қызымен тірідей өртеніп кеткені жайлы материалымызды оқыған белгілі заңгер де қарап қалмады. Ол ендігі "Қазақ қыздарының құқығы қашан заңды және рухани тұрғыда қорғалады?" деп ашынғаннан ащы даусын шығарып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Әйелдің құқығы қорғалу үшін билік басына әйел келу керек пе?" деп көпшілікке сұрақты төтесінен қойған заңгер мұндай істі жасаған адамды "қараңғылыққа" теңеді. Бұл жайлы ол, facebook парақшасында жазды.

Қазақ әйелдерінің жалғысбасты ана атанып, таяқ жеп жүргендері көбейіп кеткенін алға тартқан заңгер "әйелдің бір саты төмен болуы - құл болуы емес" екендігін әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы жеткізді.

"Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Әйелін екі қызымен тірідей өртеп жіберу, бұл не деген қараңғылық? Нәзік жандылардың құқығы қашан қорғалады? Отбасы шайқалса - әйел кінәлі, күйеуі ішіп кетсе - әйел кінәлі, қыз туса - әйел кінәлі, зорланса да әйел кінәлі "етегін жинап жүрмейді ме" дейді! Сонда біздің қазақтың ер азаматтары сүттен - ақ, судан - таза ма?

Оралда болған оқиға, ішіп келіп ұрып-соққан, көлігінің алдына салып қуған, тепкілеген қорлаған. Бір қызығы, бәрін көршілері, полиция қызметкерлері, туысқандыры білген, бірақ, ешқандай шара көрмеген! Әйелі кінәлі, анау екі періште неге кінәлі болды екен?

Құдай біледі "отбасыңды сақтап қал, қайтып келсең ұят болады" деген сөзге бола үндемей жүрген шығар!? Қазақ қыздарын "еркектен бір саты төмен бол" деп тәрбиелейді барлық үйде! Бір саты төмен болу деген - құл болу емес шығар, оның ұрған соққан қорлығын көтеретін!?

Қазақ қыздарының құқығы қашан заңды және рухани тұрғыда қорғалады?

Тағы да оқи отырыңыз: «Бүгін алабұлтты. Аспанда күн жоқ» - БҚО-да әкесі тірідей өртеп жіберген қыздың соңғы жазбасы (ФОТО)

Біздің ер азаматтар шынында әлсіз болып кеткен бе? Әлде кейбір мұсылман елдеріндегідей әйелдер білім алмай үйде отырып құл болғаны керек пе? Керек емес кезде өлтіре саласың немесе өртей саласың! Әрине, барлығы демеймін, бірақ қазақ әйелдерінің жалғыз бала бағып жүргендері, таяқ жеп қорланып жүргендері көбейіп кетті! Әйелдердің құқығын қорғауды күшейту керек!", - деп қазақ әйелдерінің шашбауын көтерді.