$ 498.34  519.72  4.85

«Бүгін алабұлтты. Аспанда күн жоқ» - БҚО-да әкесі тірідей өртеп жіберген қыздың соңғы жазбасы (ФОТО)

Серік алдымен әйелін орнынан тұра алмастай өлімші қылып ұрып, сосын үйді айналдырып, бензин құйып (екі қызының үйде екенін біле тұра) өртеді. Апта бұрын үш адамның мәйіті мәңгілік жер қойнына табысталды.

Бүгін журналист Гүлмира Әбіқай facebook парақшасында Батыс Қазақстан облысында бір қаныпезердің әйелі мен екі қызын тірідей өртеп жібергені туралы жантүршігерлік жайтты баяндады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«СҰМДЫҚ! Жүрегім қан жылап тұр. Енді ұйықтамайтын шығармын... БҚО, Тасқала ауданы, Белгін ауылының сыртында жаңа қазылған үш төмпешік пайда болды. Ортасында анасы, қос жағында екі қызы. Үшеуін де өз күйеуі, өз әкелері тірідей өртеп жіберген.

Бұл туралы Uralskweek.kz порталына журналист Л. Ахмедьяр жазыпты. Жылдар бойы қаскөй күйеуінен таяқ жеп келген әйел. Талай рет ферма жаққа апарып жалаң бас, жалаң аяқ әйелін көлігімен қуып, электрошокермен күйдіріп, ата-анасы мен қыздарының көзінше өлермен қылып сабаған азамат – Серік Хафизов (фотода).

Отбасының бұл жайын екі жақтың құдалары, ауыл әкімі, шаруа қожалығы басшылары, учаскелік полиция, ауылдастары, достары бәрі біледі. Бірақ «ұят болады» бәрінен жоғары. Былтыр марқұм Жадыраның «Енді күйеуімді кешірмеймін, ажырасамын! Маған өлімнен басқаның бәрін жасады» деген жанайқайы да елеусіз қалды.

Міне, сол ұят боладының соңы қайғылы оқиғаға әкелді. Жадыраның әпкесінің айтуынша, Серік алдымен әйелін орнынан тұра алмастай өлімші қылып ұрып, сосын үйді айналдырып, бензин құйып (екі қызының үйде екенін біле тұра) өртеді. Апта бұрын үш адамның мәйіті мәңгілік жер қойнына табысталды.

7 жасар Инабаттың дәптердегі соңғы жазбасы «Сегізінші сәуір. Сынып жұмысы. Бүгін алабұлтты. Аспанда күн жоқ». Қанды оқиға 8-нен 9-на қараған түні орын алды.

Дәл қазір қоғамдық ұйымдарды, ІІМ белгілеп, ату жазасын талап еткенмен, ол бекер әурешілік болады. Бізде ату жазасы жоқ. Ең ауыр жаза – 25 жыл. Меніңше, мынадай адам кейпіндегі қаскөйге бұл да аз. Есесіне, осы оқиғадан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылықты екеудің ерегісі деп қарамай, қылмыс деп санауға толық негіз бар!!!

Егер осы ойыма қосылсаңыздар, дәл қазір онлайн петиция жүріп жатыр, қол қоюға дайынсыз ба?» - дейді Гүлмира Әбіқай.

Оның «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» деп жариялаған онлайн петициясына мына сілтеме арқылы өтуге болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары