"Білім беру жүйесіне мына өзгерістерді енгізіңіз, министр мырза!
1. Балабақшаларды тегіс қазақ тілді етіңіз. Меңгерушілер, тәрбиешілер мен бала күтушілер қазақ тілін жақсы меңгерген адамдар болсын!
2. Аралас мектептерді толық қазақ мектебі етіңіз. Аралас мектептер - қазақ тілінің (қазақтың) болашағына балта шабады. Қазақ мектептерін көбейтуге тиіссіздер!
3. Әліппеден бастап, кеңестік білім жүйесінде оқытылған оқу бағдарламаларын негізге ала отырып, 80% сол кеңестік білім жүйесіне көшкен жөн. Баланың балалық шағын да, уақытын да, денсаулығын да өздеріне қайтару керек. Яғни, балаға шамадан тыс артық жүк, артық салмақ артуға болмайды. Миын да артық шаршатып, жүйкесін жұқартпай, физикалық тұрғыдан да артық салмақ артпай, жасына, бала санасы мен денесінің дамуына лайық бағдарлама қабылдаңыздар!
4. Баланы кішкентайынан салауатты өмір салтына дағдыландыруымыз керек. Ол үшін аптасына, тым болмаса, 3 күн таңғы сабақ тек денешынықтыру және би сабағынан басталсын. (Физ-ра, би кезектестіріліп).
5. Болашақта гуманитарлық салаға кететін балалардың миын 9-11 сыныптарда "алгебра, геометрия, синус, косинус" деп қатырудың түкке керегі жоқ. (Мен қазір ойлаймын, "қайран сол 9-10 сыныптарда текке кеткен уақытым мен жүйкем" деп. Сол геометрия, химиялардың орнына бір кітап оқығанымда, қазір менде багаж әлдеқайда көп болар еді-ау!? Сол сияқты, болашағын "естественный ғылыммен" байланыстырғысы келетін математиктер, физиктер, химиктер 9-11 сыныпта гуманитарлық пәндер сағатын азайтса.
Білім ордалары осы бағытта біраз жұмыс атқарғаны түсінікті. Бұл жүйе тек арнайы мектептер ғана емес, жалпы орта мектептердің бәріне енгізілсе, дұрыс болар еді. (Мысалы, 9 А сыныбы - болашақ математиктер, "Ә" сыныбы - "Болашақ әдебиетшілер" (филологтар), "Б" сыныбы - "Химик-биологтар" т.б. 9-11 сыныпта оқушыларға "мамандығын" ауыстыруға да мүмкіндік беру керек. 11 сыныпты бітіргенде, олар нақты мамандығын және өзі таңдаған саланың негіздерін толық біліп шығады).
6. Жалпы, 12 жылдық дегенді тоқтатқан дұрыс. 11 жылдықтың өзін ойлану керек. Бүгінгідей ақпарат, оқу-білім қолжетімді заманда 10 жыл былай да былай жетеді. 11 жылдық, 12 жылдық деп керекті-керексіз "қоқыс пәндерді" тықпалай берудің керегі жоқ. Бүгінгі бала барлық жағынан тез жетіледі, жеткіншек тез есейеді, оларды соқталдай болғанша мектепте ұстаудың керегі жоқ.
7. Оқу бағдарламаларындағы артық пән, артық оқулықтарды "қоқысқа" лақтыратын кез келді. Оқулықтардың форматы стандарт болу керек. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары бір пәннен қосымша табақтай-табақтай үш кітап арқалап жүрмеуі керек. 1-4 сынып оқушылары жұқа-жұқа 3-4 кітаптан артық арқаламауы тиіс. Олардың сүйегі шеміршек, өсіп келе жатқан организм. Оларға көбірек қимылдау, жүгіру керек. Оларға денешынықтыру, би сабақтары күнде өту керек. Сонда денесі қиқы-жиқы, қисық ұрпақ емес, дені сау, денесі сұлу ұрпақ өседі. Олардың тамақ рационы ерекше қадағалануы тиіс.
8. "Отбасы хрестоматиясын" 1-11 сынып бағдарламасына аптасына 2-3 рет оқытылатын пән ретінде қабылдап, енгізу керек. Есесіне, орыс тілі пәнінің сағатын әлдеқайда қысқартқан жөн. Бүгінгі интернет заманында онсыз да баланың тілі орысша шығып, ағылшынға да тез бейімделіп жүр. Ал қазақ тілі, отбасылық құндылықтар, ұлттық құндылықтар мүлдем балаға жат дүние секілді далада қалды.
9. Кеңес кезіндегідей баланы УПК, еңбекке, тәжірибелік, шаруашылық жұмыстарға баулудың баланың өзі үшін де, болашағы үшін де, мемлекет үшін де пайдасы зор.
10. "Құқық негіздері" пәнін 7 сыныптан бастап, "ради галочки" емес, тереңдетіп оқыту керек. Сонда халқыңыздың "тобыр" деп аталатын бөлігі азаяды.
11. "Мәдениет" (этика, эстетика) пәнін бала жастан дұрыстап оқыту керек. Түкке керегі жоқ пәндерді, оларға арналған сапасыз оқулықтарды жою керек.
Арман да көп, ой да көп, ұсыныс та көп. бәрін бір постқа сыйғызу мүмкін емес.
Ұрпақ болашағы, ұлт болашағы мектептен қалыптасады",
Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫНЫҢ facebook парақшасынан