Қазір тұрақты табыс көзінсіз қалғандарға әуелде кредит төлеу мерзімі шегеріледі, пайыздық үстеме болмайды, түк те уайымдамаңыздар демеп пе еді үкімет? Көпшілік 3 айға төлемді тоқтатамыз деуі мұң екен, банк тасада тұрып тас атқандай болды. Шегергенің үшін төле дегендей қылып жатыр екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Несиені шегеруге болады деген уақытта осы банктер неге үн қатпады? Ендігі жау жағадан алғанда бөрі етектен тартқанның кері ме? Жаны қысылған жұрт тым құрыса кредитімді қоя тұрайыншы деп өтініш жазса, кейін ай сайын пәленбай мың теңгені қосымша төлейсің деген жауапты дүңк еткізеді. Бұл неткен бассыздық, һәм басыну деп ашынуға болар еді. Сөйтсек, мәселенің екінші қыры бар екен.
Несиесін шегеруге өтініш бергендердің алды әлеуметтік желіде осындай пікір қалдырып жатыр қазір. «Қарызым өспейді дегендерің қане? Бәленбай сомма болды әне», - деседі жұрт.
«Төтенше жағдайға байланысты мен банкке өтініш жібердім. Несиемді ұзартыңыз деп. Маған смс келді. Смс-те жазылып тұр, ұзартсаңыз үш айға 300 мың теңге қосылады деп. Неге мен 300 мың теңге артық төлеуім керек? Оны мен істеп жатқан жоқпын, ол сондай жағдай болып жатыр», - дейді Гүлнар есімді кәсіпкер.
Ол жалғыз болса мейлі ғой, қазір елдегі борышкерлер саны 7 миллионнан асады екен. Банк алдындағы берешектері болса, 455 миллиард теңгеге жетіп жығылады! Олардың бәрі демесек те, жартысына жуығының қазір тұрақты табыс көзінен қағылғаны белгілі. Осы себепті мемлекет жеңілдіктер жасалады деген еді.
Сөйтіп, бұл міндетті бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған Мадина Әбілқасымоваға жүктеді. Қазір экс-министр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы. Сонымен, олар не бітірді?
«Борышкерлерге 2020 жылдың 15 наурызынан бастап осы жылдың 15 маусымына дейін несиелік каникул берілді. Мемлекеттен жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жұмыссыз қалғандардарға ол үшін өтініш жазудың қажеті жоқ. Тек рұқсаттарын берсе болғаны.
Ал ақысыз демалысқа кеткендер мен төтенше жағдайдың кесірінен жұмысына жете алмай отырғандар және тағы басқасына өтініш жазу міндетті», - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Дмитрий Акмаев.
Бұл жеңілдік бәріне бірдей берілмейді. Тек 2020 жылдың 16 наурызына дейін банктің көмегіне жүгінгендер үшін ғана. Байқасаңыз, мамандар үстемақы жөнінде жақ ашпады. Өйткені, әсілінде үстемақы өскен жоқ. Банк бар-жоғы сіздің бір жылдық несиеңізді үш айға созып берді.
Мысалы, сіздің банк а лдындағы берешегіңіз 200 жүз мың делік. Негізгі қарыз – 150 мың, ал 50 мыңы – үстемақы. Бұл – мысал. Сіз ТЖ-дан кейін мына 150 мыңды төлеуді жалғастырасыз. Ал оның үстемақылары келесі жылға кетеді. Осы кезде сіздің келесі жылы төлейтін сомаңыз артады.
«Банктер бұл әрекеттерін өздерінің шығындарымен түсіндіріп отыр. Қызметкерлердің жалақысы, депозиттердің үстемақылары бар дегендей. Қаржы ұйымдары өте ақылды қадам жасады. Қазір олар мына үш айдың шығынын өз резервтерінен жабады да, сосын оның орнын үстемақылармен толтырады», - дейді экономист Айжан Балакешова.
Қысқасы, қалай болғанда да қаржы ұйымдары зиян шекпейін деп тұр ғой. Иә, заңға салғанда олар ұтып тұр, ал арға салғанда ұтылып тұр. Жалпы, қаржылық ұйымдардың келісімшарттарында ТЖ деген пункт қарастырылмаған ба осы? Тым болмаса, жаны қысылған жұрт соған сүйеніп қала алмай ма?
«Мысалы, форс мажорлық біраз міндеттемені тоқтатуға мүмкіндік береді. Азаматтық кодексте ереже бар. Ол шартты орындамауға мүмкіндік береді. Несиені төлемеу форс мажорға байланысты. Бірақ, форс мажорные ситуаций не расспространяются на денежные обязательство», - деп сөз аяғын орысшалап жіберді, «атына заты сай» заңгер Нұрсұлтан Өткелбаев.
Қысқасы ТЖ деген пункт болған күннің өзінде. ол қарыздан құтқарып қалмайды екен. Абзалы, кредитіңізді қалай төлеп келдіңіз, солай төлеуді жалғастырғаныңыз жөн. Мүмкіндік болса, әрине. Әйтпесе, бергенінен алары көп банк ешкімді аяйын деп тұрған жоқ.