Қайырымдылықпен айналысып, көмекке зәру отбасыларға қол ұшын созып жүрген белгілі журналист әрі блогер Ардақ Байғабыл күйеулері тастап кеткен әйелдердің жағдайы туралы баяндады. Көзімен көріп жүрген жайттарды санамалаған ол, "балаларын тастап кеткен еркектерді - "ез" деп отыр. Бұл туралы ол, әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сондай-ақ ол, "Қазақтың жігіттері "Ез" болғаны ма!? Әйеліңізді тастасаңыз да туған балаларыңызды тастамаңыздар, "еркектер", - деп желідегі парақшасы арқылы үндеу жолдады.
"Бүгін бір нәрсеге көзім әбден жетті. Қазақтың жігіттері әбден ез болып кеткен. Не себепті, айтайын ба? Бүгін жетінші рет жігіттермен бірге қайырымдылық шарасына шықтық (күрсініп). Менде (қазақтар) 300-ден аса мұқтаж жандардың тізімі бар. Солардың 95 пайызы әйел адамдар, көбісі көпбалалы, жалғысбасты. Оның алдында да талай әйелдерді тізіммен барып көрдік, тексердік. Бүгінде мысалы, төрт баласы бар әйел, жалғысбасты, бесінші балаға аяғы ауыр. "Күйеуіңіз қайда?" десем, "Күйеуім тастап кетті" дейді. Қалай ол тастап кетті? Мен түсінбеймін. "Неге тастап кетті?" десем, "мен оған керек емеспін, балалар оған керек емес. Тастап кетті" дейді.
Жарайды, әйелі жаман шығар, көзіне көп шалған шығар, Алла сақтасын! Бірақ бұл жерде балалардың қатысы не, балалар өзінің балалары ғой?! Таңқалатыным, осындай жағдайлар өте көп. Қайырымдылық жасағанда жартысынан көбі, 90 пайызы жалғысбасты әйелдер. Көбін еркектері тастап кеткен, біреулері мүлдем жоқ болып кеткен.
Бірақ дені дұрыс еркек - отбасын тастап кетсе де, балаларын тастамауы керек. Әйелді тастап кет, мейлің, ажырасып кет, не істесең оны істе. Бірақ баланы тастамасаңшы!
Сонда "күйеуің көмектеспейді ме?" десем "көмектеспейді" дейді. "Алимент талап еттің бе?" десем, "алимент төлейтіндей онда жағдай жоқ" дейді. "Енді мемлекетке арыз жазып шағымданбайсың ба?" дедім. Бір жағынан ол әйелдің өзі де кінәлі. Бір таңқалатыным, сол еркектер жайбарақат, былай айтқанда қаперсіз жүре береді. Ана жақта балалары аш.
Өткенде "бес баласы бар әйел бір апта нан ғана жедік" дейді. Дүкенге барса, "тағы да нан алып жатырсыз ба?" деп мазақ қылады екен. Ол не деген адамдар!?
"Отбасын, бала-шағасын тастап кеткен еркектер нағыз - ез". Менде тізім бар. Керек болса, мен "Пәленшеев Пәленше бес баласымен, мына аяғы ауыр әйелді тастап кетті" деп, сол еркектердің аты-жөнінің тізімін жасап, мен сендерді масқара қыламын! Бұларың не?", - деп күйінді журналист.
Содан кейін барып, 9 баласы бар, 4 бала өзінікі, қалған 5 баланы асырап алған бір отбасының жақсылығы жайлы айтты. Әлгі балаларды асырап, қанатының астына алған адамды "нағыз еркек" деп көпшілікке үлгі қылды.