Іле ауданына қарасты 4 мектептің мұғалімдері Azattyq Ruhy редакциясына хабарласып, басшылық қайырымдылыққа деген желеумен ақша жинап жатқанын айтты. Кей мектепте жиналуы тиіс ақшаның нақты сомасы айтылса, кейбірінде ұстаздардың шамасына қарауға рұқсат беріпті.
Шағымданған педагогтар өздерінің аты-жөнін жарияламауды өтінді. Айтуларынша, ауданда қырықтан астам мектеп бар екен. Ал қайырымдылыққа деп жиналып жатқан ақшаның нақты қайда жұмсалып жатқанын білмейміз дейді олар.
«Бізден алақан жайып ақша жинауды қоймады. Бермейін десем қудалай ма деймін, зейнеткерлікке небәрі екі жылым қалды, жұмыстан шығып кеткім келмейді. Өзімізде онсыз да ақша жоқ, несиеміз бар, басқа да шығындар бар. Бермеймін деп ашып айттым, енді тиісіп түртпектейді ме де уайымдап отырмын», - деді шағымданушы ұстаздардың бірі.
Жалақымыз бала-шағадан артылмайды деген мұғалім әр мектепте 5-10 мың теңгенің шамасында ақша жиналып жатқанын айтты. Ал жиналған қаражатқа әлеуметтік жағдайы төмен үш отбасыға көмек көрсетілетіні айтылған.
«Өзге мектептерде де осылай ақша жинап жатыр ма? Неге бізден жинайды? Жағдайы төмен отбасыларға Үкімет онсыз да көмектесіп жатыр, оның сыртында тағы ақша жинағаны қалай?», - деді шағымданған мұғалімдердің бірі.
Осы шағымдардан кейін Іле ауданындағы бірнеше мектептің педагогтарымен хабарласып, аталған жайттың мән-жайын сұрадық.
«Ия, ақша жинадық. Бізде кім қанша береді өз еркі. Біреуі 1 мың теңге, келесісі 2 мың теңгеден берді. Мен мың теңге бердім», - деді тағы бір мұғалім.
«Бәріміз қайырымдылыққа деп мың теңгеден жинағанбыз. Ақшаны айлық түспей тұрып бердік. Оның соңы немен аяқталғанын білмейміз, директорымыз бізге айтқан жоқ», - деді Боралдай кентіндегі №17 мектептің мұғалімі.
Мұғалімдер қайырымдылықтан бөлек мектеп ауласын абаттандыру үшін де «ерікті» түрде ақша жиналатынын жеткізді.
Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясының директоры Салима Бейсембаевамен сөйлескенімізде, ол қайырымдылыққа деп ақша жиналғанын растады. Тек мұның басы-қасында мұғалімдердің өзі жүрді, яғни ешкім ешкімді ақша жинауға үгіттеп, мәжбүрлеген жоқ дейді ол. Бұдан бөлек, меткептің қызметкерлері медициналық маска тігіп, мұқтаж отбасыларға таратып берген.
«Маска тігіп, ата-аналарға және оқушыларға тараттық. Масканы мектептегі техперсонал тікті. Әлеуметтік жағдайы нашар 77 отбасы бар, соларды бақылауда ұстап отырмыз. Есептің бәрін әкімдікке беріп отырмыз. Ертең міне, жұма күні тағы көмек береміз. Ұжым болып, қайырымдылыққа ақша жинадық. Ешқандай мәжбүрлік жоқ, әр мұғалім өз еркімен беріп жатыр. Қанша ақша жиналғанын айта алмаймын», - деді мСалима Бейсембаева.
Ал, Іле ауданы әкімдігінің мәліметінше, қайырымдылық шаралары карантин басталғалы ұйымдастырылып келеді. Аудандағы шағын кәсіпкерлердің қолдауымен жағдайы нашар 4229 отбасына жалпы сомасы 20 миллион теңгенің азық-түлігі берілген. Жиналған қаражаттың 2,6 миллион теңгеден астамы аудандағы мектеп пен балабақшалардың үлесінде.