$ 498.34  519.72  4.85

«Бұл кинолар бізге өнеге болмай-ақ қойсын!»: блогер фильмде қазақ тілінде сөйлейтіндерді мазақ етіп көрсететіндерге ашулы

Сосын әнші Жанар Айжанованың әнебір найман туралы жырқыл роликтері бар ғой! Сонда Жанардың өзі ғана қазақша сөйлейді де, оның балалары тек орысша сөйлейтін еді.
фото: brod.kz, yugig.com
фото: brod.kz, yugig.com

Facebook қолданушылары арасында Олжас Әбіл деген аты-жөнімен белгілі блогердің "шалаказахский киноларды" көріп, әбден қарны ашқанға ұқсайды. Ол қазақ фильмдерінде орысша шүлдірлейтін адамдарды мықты етіп, ал қазақша сөйлейтіндерді мазаққа айналдырып көрсететін эпизодтарды көріп, қазақ тілінің әрі қарайғы хәлі не боларына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Киноларда дамыған, көзі ашық қазақ жастарын тек орыс тілінде сөйлетіп қоятындардың әрекетіне шамданған ол, "Неге бұлардың жастары орысшаға құмар?" деп қалың ойға шомылды.

"Кеше қазақстандық кино мамандарының түсірген 3-4 киносын қарап шықтым. Бұларды "шалаказахский кинолар" деп атаймын. Себебі, бұл кинолардың тілдері сақау боп келеді. Осыларды орыс пен өзге ұлттардың көретіндігіне күмәнім бар, бірақ бұлар да қайтпайды, орысша түсіреді. Бұл киноларда әдетте, орысша сөйлейтін адамдар "крутой, сауатты, мықты, ауқатты байбатша" адамдар боп көрінеді. Ал қазақша сөйлейтін кино қаһармандары әдетте, бұл фильмдерде "лох, мазаққа арналған объективтер, шал-кемпір тағысын тағы".

Менің тағы байқағаным, бұл киноларда "продвинутый" қазақ жастары тек орысша сөйлейді екен. Ал қазақша сөйлейтін қазақтардың орысша-қазақша араласқан бір қойыртпақ тілдері бар.

Африка халықтарының қойыртпағы араласқан өтірік французша сөйлейтіні секілді, Латын Америка елдерінің жергілікті диалект араласқан қойыртпақпен испанша сөйлейтіні сынды, бізде де қазақ тілі мен орыстың креол қойыртпақ тілі қалыптасып қапты. Біздің кинолар да осы креол тілінде. Сосын әнші Жанар Айжанованың әнебір найман туралы жырқыл роликтері бар ғой! Сонда Жанардың өзі ғана қазақша сөйлейді де, оның балалары тек орысша сөйлейтін еді. Соған мен "бұлардың бұнымен не айтқысы келеді, болашақтың тілі орыс тілі дей ме, жастары сөйлемейтін тіл шаруасы біткен тіл емес пе, неге бұлардың жастары орысшаға құмар!?" деп қарадай жиырылатын едім. Енді мына киноларда да сондай көрініс қылаң береді", - деп блогер facebook парақшасында өзі көрген фильмдер жайлы азаматтық пікірімен бөлісті.

Кинода шал-кемпірді қазақша сөйлетіп қойып, байшыкеш әрі сауатты кейіпкерлерді орыс тілінде сайрататын мамандардың әрекетіне күйінген блогер мұнымен қоймай, "Әкім" фильмін сынады. Оның ойынша, қазіргі кезде "қазақ тілін мүлдем түсінбейтін қазақ жоқ" көрінеді.

"Әкім" киносы. Қаладан ауылға қазақша қақпайтын бір боқмұрын келеді де күллі қазақ ауылын тік тұрғызады. Ауыл сол жас жігіттің алдында қоғадай жапырылады. Меніңше, қазір қазақша түсінбейтін қазақ жоқ. Бұнысы артықтау боп кеткендей.

"Әкімнің" үлде мен бүлдеге оранған таныстары, мықты әке-шешесі киноның басынан аяғына дейін қоңырау арқылы баласының шаруасын шешумен әлек. Киноның басынан бастап жемқорлық иісі аңқиды. Бірақ сенесіздер ме, киноның соңында сол әкім бала басқа біреуді жемқорлықпен ұстатып жібереді.

"Оралман из Питера" деген кинода ауылдың бір маймаңдаған жайбасары орыстілді өзінше жігіттермен байланысып қалып, қораға кіріп кетеді. Бұл киноны ары қарай көрмедім.

"Кино - ұлтты тәрбиелеу құралы, кино - өнеге" деген бір сөз бар. Ол рас та шығар!? Өйткені Совет өкіметі кезінде киноны күшті пайдаланды. Бірақ мен мына біздің соңғы киноларға қарап отырып, бұл тұжырымға іштей қарсы шықтым. "Бұл кинолар бізге өнеге болмай-ақ қойсын! Бұл киноларда қазақ тілі - көлеңкеде, оның болашағы жоқ, қазақ тілді адам - төмен, пәс, жалтақ, лох. Кезінде орекеңнің өзі бұндай шовинизм көрсетпеген шығар!? Қысқасы, айта берсем, айтатын нәрсе көп, "шалаказахский" киноларымызды тағы бір шолып шығып, баяғы пікірімде қалдым", - деп ашынды блогер.

Тағы оқи отырыңыз: «Тынған ауылда бір топасқа сөйлетіп қояды»: Уәлибек Әбдірайымов киноны екі тілде түсіретіндерге наразы

Айтпақшы,  қазақ фильмдеріндегі қазақ тілінің "мүшкіл халі" жайлы баяндаған Олжас Әбілдің бұл пікірін қолдаушылардың қарасы қалың.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары