Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы жеке кәсіпкерлікпен айналысатын У. Халжалиловтың кәсіпорнына барып, тұрғындардың жанайқайын тыңдап қайтыпты. Оның айтуынша, әлгі кәсіпкер мал ағзаларын (малдың ішек-қарындары) қайта өңдеу ісімен айналысады екен. Бірақ, санитарлық талаптарды сақтамаған. Ал сол жердің ауыл тұрғындары болса, У.Халжиловтың ісіне наразы көрінеді. Бұл оқиға жайлы заңгер facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Түркістан облысы, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауыл халқының жанайқайын тыңдап қайттым. Жеке кәсіпкер У. Халжалилов мал ағзаларын қайта өңдеу ісіне халық өз наразылығын білдірді. Ауыл тұрғындары бір аптадан бері шағымдануда! Себебі, күн ысып, мал өнімдерін өртеген сайын жағымсыз иістен тыныс алу мүмкін емес! Төтенше жағдай кезінде, ауыл тұрғындарына шоғырлануға болмайтынын ескертіп, аталған жайт бойынша құзырлы органдар арыз-шағымды қарап жатқаны туралы түсіндірдім. Осыған байланысты Сайрам Ауданыны әкімі Уласбек Садибековпен кездестім. Арнайы комиссия құрып, құрамына шағымданушы ауыл тұрғындарынан екі адамды қосатын болды", - деген ол, кәсіп иелерінің әкімдік қызметкерлерінің бетінен алғанын алға тартты.
Мал ағзаларын өңдейтін жерде санитарлық талаптарының сақталмағанын өз көзімен көрген Айгүл Орынбектің пайымдауынша, әлгі кәсіпкерге жұмыс жасауға рұқсат берген "СЭҚ қызметкерлерін де заңды түрде жауапқа тарту керек" деп ойлайды.
"Ашылғанына төрт жыл болыпты! Жер егін шаруашылығына арналған, алайда кәсіпкер малдың ішек құрылысын өңдейтін орын ашқан! Ғимараттың айналасындағы иіске шыдап тұру мүмкін емес! Кәсіп иелері өте агрессивті қарсы алды. Әкімдік қызметкерлерін сыйлап тұрған жоқ, бажылдап беттен алып. Туфлиім абайсызда жаңа сепкен топырағына батып кетті, оған "әдейі өзің батырдың" деп бәле жауып отыр!
Тағы оқи отырыңыз: «Коронавирус осы жерден шығып жатпасын...»: Сайрамда Ухань базарынан бетер қасапхана бар (ВИДЕО)
Мынандай жағдайда жұмыс жасауға рұқсат берген СЭҚ қызметкерлері заңды түрде жауап беру керек деп ойлаймын! Ауыл халқы екі-үш рет жиналып келіп, жабуды сұраған! Яғни, бұл дау бүгін ғана орын алып жатқан жоқ! "Жердің құжаты заңсыз" деп отыр Сайрам аудан әкімдігі. Қазіргі таңда бұл жер бойынша сот болып жатыр!", - деп жазған заңгер, істі әрі қарай да бақылап, аяқсыз қалдырмайтынын жеткізді.