ГАУҺАР, жеке компания педагогі:
– Қалада қосымша білім беру орталығында жұмыс істеймін. Ересектер мен балалардың тұлғалық дамуы мен олардағы білім потенциалын арттыруға, бойындағы қабілетті ашуға көмектесетін жеке компания. Біздің орталыққа баласына инвестиция құюдан аянбайтын барлық қалалық тұрғындар келеді. Тіпті, зейнет жасындағы кісілер де келіп тұрады. Коронавирус қаладан енді шыға бастаған кезде орталыққа келіп жүрген балалардың саулығы үшін компания бірден өз жұмысын тоқтатты. Компанияда қырық шақты қызметкер болатынбыз. Қысқартуға кеткендері де бар. Ал педагог ретінде біздерді белгісіз мерзімге демалысқа жіберді. Тіпті, ол демалыс мерзіміне ештеңе төленген жоқ. Денсаулық, адам қауіпсіздігі бірінші орында болса да, қаржыдан қиындық көргенім рас. Өйткені, төлеп отырған несием бар, оған қоса қаланың ішінде пәтер жалдап тұрамын. Қаржылай дағдарысты өз басым бірден сездім. Үкімет біз секілді адамдарға жәрдемақы береді дегенде кәдімгідей қуанып қалдым. Бірнеше рет enbek.kz сайтына өтініш бердім электронды түрде. Басында жауап болмады. Бірнеше күннен кейін «Сіздің өтінішіңіз қаралды, енді ол «Азаматтарға арналған үкімет» МК жіберілді» деген хат келді. Содан кейін маған 42 500 теңге түсті. Сол кездегі қуанышыма үйдегілер куә. Карантин кезінде жұмыссыз жатқан адам үшін бұл да бір қолдау екен. Кәдімгідей, көңіл-күйге де әсер етеді ме, осындай қиын кезде жалғыз қалдырмаған Үкіметке рахмет! Осы жолы шын ризамын.