Түркістан облысының Шардара ауданына қарасты Қызылқұм ауылдық округіндегі түлектер 20 жылдық кештен бас тартып, ауылдастарының үйін жөндеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орта мектепті 2000 жылы бітірген азаматтар елдегі төтенше жағдайды ескеріп, мамыр айына жоспарлаған іс-шараларды тоқтатып тастаған. Қасиетті Рамазан айында игі істі қолға алған тұрғындар ауылдастарының үйінің есік-терезесін жаңартып, ауласынан құдық қаздырып берген. Себебі, бұл отбасы отағасынан айрылып, асыраушысыз қалған.
Мүгедек баласымен бірге тұратын зағип ана ауылдастарының қайырымды ісіне алғыс айтып, батасын берді.
«Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты біз сыныптастарымызбен ақылдасып, бірауыздан осындай шешімге келдік. Мамыр айына жоспарлап қойған 20 жылдық кештен бас тарттық. Оған жұмсалар қаражатты жинап, жерлестерімізге қол ұшын беруді жөн көрдік. Барша мұсылман бауырларымызды жақсылық жасауға шақырамын», – деді түлектердің бірі Шүкір Шамшадинов.
Сондай-ақ, Қызылқұм орта мектебін осыдан 20 жыл бұрын бітірген азаматтар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен тағы 15 отбасына азық-түлік таратты. Ізгілікті іс жасап, бірліктің үлгісін көрсеткен мектеп түлектеріне жерлестері дән риза. Сауапты іске түлектер миллион теңгедей қаражат жұмсаған.