Төтенше жағдай жарияланғалы онлайн негізде ажырасуға өтініш бергендердің саны 300-ден асқан.
Бұл республикаға шаққанда анау айтарлықтай үлкен көрсеткіш деп қарастыруға келмес. Алайда, карантиннен кейінгі күрделі көрінісітің бір белгісі іспетті. Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы да әлемде төтенше жағдай жарияланғалы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен үйдегі ұрыс-керіс көбейіп кетті дейді. Шаңырақтың шайқалуына не себеп? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
"Карантинде отыруға міндеттісің. Бірақ сенде 2 вариант бар. Вариант "А". Бала-шағаңмен карантинде отыру. Вариант "Б". Вариант "Б".
Күліп басталған карантиннің қазіргі көрсеткіштері көңіл көншітерлік емес. Күні кеше әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шыққан Мұрат Жұманбай шамалап болсын мынадай статистиканы келтірген еді.
"Карантин уақытында некелесуге 1152 өтініш, ал некені бұзуға 311 өтініш түскен. Соттарда некелескендер мен ажырасқандар статистикасы басқаша болуы мүмкін. Бұл цифр қазіргі жағдайды дәл сипаттай алмайды. Яғни, бұл тек онлайн өтініштердің саны ғана".
Мұрат Жұманбай, "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры:
Психологияны зерттеп жүрген мамандар, еліміздегі көрсеткіштер карантинге дейін де мәз болмағанын алға тартады. Некесін қиған отбасылардың үштен бірі, яғни 33 проценті ажырасып отырған. Ал оқшаулау кезеңі тіптен жағдайды ушықтыруы мүмкін екен.
Алмат Нұрадинов, психология ғылымдарының кандидаты:
"Біз бәріміз стресс жағдайында жүргеннен кейін стресс адамдарды келеңсіз жағдайға алып келуі мүмкін. Әрқайсы өзінің мінезін көрсете бастайды. Міне, осы мінезін көрсетуден бір біріне шиеленістер, қақтығыстар ұрыс керістер көбейіп отыр".
Ажырасудың әлем бойынша көбейгені туралы "Daily Mail" басылымы жазған болатын. Коронавирустың таралу ошағына айналған Қытайдың 5 миллион адам тұратын Дачжоу қаласында карантин кезеңі алынып тасталған сәтте, бірден 300 жұп АХАТ бөлімдеріне бет алған.
"Карантинде жастар үйде көп уақыт өткізіп кетті ғой. Содан ұсақ-түйектер үшін ұрысуды шығарды. Бізде биліктің қабылдаған заңы бар. Күніне ажырасу туралы 10 өтініштен артық қабылдай алмаймыз. Алайда соңғы бір аптада некесін бұзамыз деушілер тым көбейіп кетті. Араларында тіпті "3 айдан бері күттік, өтінішімізді қабылдамайынша, бұл жерден кетпейміз" деп тұрып алатындары да бар".
"Бір шашты өргізе алмасам несіне еркек болып жүрмін? Ажырасамын! Ажырас! Ертең араға салып қосылайық деп жүрме! Шешеңнің шешесінің ағасын әкелсең де қосылмаймын!".
Еліміздегі ажырасуға қатысты бір маңызды дерек. Балалары мен ортақ мал-мүлкі жоқ жұптар ғана онлайн ажыраса алады. Қалған жағдайда ол азаматтар сотқа жүгінуі керек. Міне, 300 өтініш деген бір шеті ғана. Төтенше жағдай режимі алынған кезде, бұл көрсеткіш еселене түсуі де бек мүмкін.