Төтенше жағдай кезінде жүк пойызымен Ақтөбеден Қандыағашқа қонаққа бармақ болған 5 адам ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай кезінде теміржол көлігінің қозғалысына шектеу енгізілгеніне қарамастан, азаматтар түрлі жолдармен сапарлауға тырысып жатады. Мәселен, Қандығаш стансасының Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жүк пойызымен Ақтөбе стансасынан Қандыағаш стансасына (Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы) дейін бармақ болған 5 адамды ұстады.
«Полиция қызметкерлері құқық бұзушылардың Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының тумасы, жастары 23 пен 56 жас аралығында екендігін анықтады.
Аталған азаматтарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды», - деп атап өтті ведомстводан.