Қазір Түркістан облысында қырыққабат еккен шаруалардың сол өнімдерін өткізе алмай жатқаны мәлім. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейге өткізуге рұқсатты біресе береміз деп, біресе бермейміз деп екіойлы болып отырғанда, алқаптағы қырыққабаттар шетінен шіри бастаған. Жазушы Аягүл Мантай facebook парақшасында осы мәселені көтеріп, көпшілікті түркістандық диқандардың өз өнімдерін ел ішіне өткізе алуына септесуге шақырды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Егер үкімет ештеңе істемесе, Ауылшаруашылығы министрінің қолынан түк келмесе, диқандарға өзіміз көмектесейікші. Əлеуметтік желіде құр отырмай, диқандар үшін пайдалы іс істейікші.
Маған бір идея келді. Арыс оқиғасында халыққа көп көмегі тиген Шымкентте еті тірі, халыққа жақын жігіттер бар еді ғой. Солар диқандардың капустасын диқанмен бірге əр облыс орталығына апаруын ұйымдастырса екен» - дейді жас қаламгер.
Олай дейтін себебі, диқандардың көпшілігі Жетісай мен Сарығаш аймағынан алысқа ұзап шықпаған. Еккен өнімін үлкен қалаға апарудың жолын білмегендіктен, тәуекелге бел бууға жүрексінеді екен.
«250 мың тонна капуста көп қой. Əр қалаға екі-үш КамАЗдан жіберу керек шығар. Білмеймін, енді ол жағын есептеу керек.
Оңтүстіктен баратын кісілерге əр қаладағы жергілікті белсенді жігіттер көмектессе екен. Сосын əлеуметтік желі арқылы КамАЗ қаланың қай жерінде тұрғанын жазса екен. Бəріміз сол хабарды əлеуметтік желіде таратсақ. Таратып қана қоймай, 10-20 капустадан алсақ. Идеям қалай? Үкіметтен еш қайыр болмаса, солай етейікші», - деген ол, осы орайда «Стеклянный замок» фильмінен мысал келтірді.
«Жасөспірім қыз Джаннетт бауырларына «Бұлардан бізге пайда жоқ. Олар бізге қамқор бола алмайды. Біз бір-бірімізге қамқор болуымыз керек» дейді ғой ата-анасын нұсқап (Джаннетт Уолсстың «Замок из стекла» кітабының желісімен түсірілген фильм ғой. Кітабы да ұнаған). Джаннетт айтпақшы, үкіметтен қайыр жоқ болса, өзімізге өзіміз қамқор болайықшы.
Сосын ұйымдастырған жігіттердің еңбегін пайда тапқан соң диқандар төлесе екен. Себебі, еңбектің өтемі болу керек», - деп түйіндеді сөзін Аягүл Мантай.
Тағы оқи отырыңыз: Сыртқа өнімдерін өткізе алмай жатқан Түркістан облысының дихандары аш қалуы мүмкін (ВИДЕО)
«Үлкен проблемаға айналады»: Шөкеев Үкіметтен көмек сұрап отыр
Бұл идеяны желідегі жұрт бірауыздан қолдап, тіпті, белсенді жігіттер қырыққабатты республика көлеміне тасымалдау жағын ойластыра бастады. Соған қарағанда, «карантиннің арқасында» бұқара билікке тәуелсіз әрекет ету керектігіне шындап көз жеткізген сыңайлы.