05.03.2016, 03:47

Жетімін жылатқан әкім

Атыраулық бүлдіршін Бекбол Жақсыбаевтың бір ғана арманы бар. Ол өз анасымен және қалған бес бауырымен бір шаңырақ астында өмір сүруді Құдайдан күні-түні тілейді. Материалдық жағдайдың тым ауырлығына байланысты анасы Сандуғаш Ізбасова үш ұлын Атыраудағы қалалық интернатқа өткізіп жіберген. Өйткені, аштан өлтіріп аламын ба деп қорқады.

Сандуғаштың күйеуі осыдан бірер жыл бұрын өмірден қайтқан. Алты баламен жалғыз қалған әйелдің не баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ, автобустарда кондуктор болып жан бағады. Қазір қала іргесіндегі алақандай бір бөлмелі жер үйді жалға алып тұрып жатыр. Соңғы уақытта тіпті, ішерге тамақ таппай қалатын кездер болады дейді ол. Сондықтан үлкен үш баласын интернатқа өткізуге мәжбүр болған.

Көпбалалы отбасының осынау ауыр тағдыры көпшілікке беймәлім болып қала беруі мүмкін еді. Бірақ, кішкентай Бекболдың "Қазақстанның бірінші арнасына" жазған хаты біраз адамның көңіліне мұң түсірді. Ол өз хатында анасынан және өзге бауырларынан ажырап қалғанын айтып, көпшіліктен көмек сұраған. Анасы Сандуғаш та БАҚ өкілдері арқылы халықтан қол ұшын беруді өтініп отыр. Өйткені, көпбалалы батыр ана жергілікті билік өкілдерінен әбден үмітін үзген екен.

- Мен жалғызбасты анамын. Бір бөлмелі кішкентай үйді жалға алып тұрып жатырмын. Балаларымды асырауға мүлдем жағдайым жоқ, сондықтан оларды интернатқа өткізуге мәжбүр болдым. Сенсеңіздер, жағдайым өте мүшкіл. Алатын жәрдемақымның тең жартысын баспанаға төлесем, жартысы тамаққа жетпей қалады. Ал, балаларды киіндіруге мүлдем жағдай жоқ. Тым ауыр халде болғандықтан амалсыз халықтан көмек сұрап отырмын, - дейді көпбалалы ана Сандуғаш Ізбасова.

Сандуғаш күйбелең тірліктен бір сәтке босай қалса балалары жатқан интернатқа шауып келеді. Бірақ мұндай күндер жиі қайталана бермейді дейді ол. Әр келген сайын кеудесіне тығылған өксікті сыртқа шығармауға тырысады екен. Өйткені, онсыз да жалтақтап жүрген балаларының алдында әйел мықты болуы тиіс. 

Сандуғаштың жергілікті биліктен үмітін үзуі бекер емес. Ол бұған дейін Атырау қалалық әкімдігінің табалдырығын талай тоздырыпты. Сондағы сұрағаны баспана ғана. Алайда, үйді тек кезекпен беретінін айтқан шенеуніктер көпбалалы жалғызбасты анаға еш көмек көрсетпеген.

- Ізбасова Сандуғаш үй кезегіне көпбалалы ана ретінде тұрды. Қазір оның кезегі 1982-ші, - дейді Атырау қалалық ТКШ секторының маманы Радмира Сисатова.

Яғни, кезектің жылжу қарқынына қарасақ Сандуғаш алдағы 2-3 жылда баспаналы бола алмайды.

Жесір әйел анда-санда интернаттағы ұлдарын үйіне әкеп, бала-шағаның басын қосып тұрады. Бірақ, мұндай күндер өте сирек болғандықтан оның әрбір минуты алтынмен тең.

- Өмірден түңіліп кетемін. Бірақ, мына алты баланы жетілдіру керек, осылар үшін өмір сүріп жүрмін. Қатты жаным қиналғанда балаларымның көзіне қарап, бүкіл шаршауымды басамын, - дейді С.Ізбасова.

Жалғызбасты анаға көмектескісі келетін жандар табылып жатса Сандуғаштың ұялы телефонына хабарласуына болады: 8 702 31 11 906.