$ 494.87  520.65  4.91

«Карантин кезінде біз Қытайсыз өзіміздің дәрменсіздігімізді сезіндік» - жеке кәсіпкер

Жеңіл өнеркәсіп Ассоциациясының президенті Любовь Худованың мәліметінше, 2020 жыл елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жатқан 992 мекеме бар.

Қазақстанда пандемия салдарынан зардап шеккендердің бірі – жеңіл өнеркәсіп саласы. Аталған саланың мамандары антикризистік жағдайда үкімет бізге барынша қолдау көрсетіп, жыл аяғына дейін салықтан босатуы тиіс дегенді алға тартып отыр. «MIMIORIKI» компаниясының директоры Инна Апенконың айтуынша, коронавирус кезінде өндіріс саласының мамандары шетелге тәуелділік пен дәрменсіздікті бастан кешірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

МАСКАНЫҢ ДА ҚОРЫ ЖОҚ ЕЛМІЗ

«Карантин кезінде жеңіл өнеркәсіпті өніруден бөлек, өңдеу саласына көбірек көңіл бөлінуі тиіс екенін жақсы түсінген сияқтымыз. Себебі бір ай Қытаймен шекара жабық болған кезде, бизнестің 80% тұралап қалды. Осының өзі біздің осал екенімізді көрсетіп отыр. Өндіруші ретінде біздер Қытайсыз өзіміздің дәрменсіздігімізді сезіндік. Менің ойымша, біз Ұлттық қауіпсіздігіміз үшін  шикізаттық материалдар резерві қорын жасау керекпіз. Пандемия елде қарапайым ғана медициналық маска қорының жоқ екенін көрсетті. Қытаймен шекара жабық кезде әкімдік біз сияқты өндірушілерді маска тігуге мәжбүрледі, ал қалай шекара ашылды, біздің салыққа шетелден маска алдырып, өзімізді лақтыра салды. Мұндай тәсіл түбірімен дұрыс емес. Осы жағдайдан кейін ел үкіметі жеңіл өнеркәсіпке қолдауды барынша беруі тиіс», - деп ағынан жарылды Инна Апенко.  

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?

Ағымдағы жылдың 4-ші сәуірінде Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы мәселелерге қатысты сенатта үкімет сағаты өткізілген болатын. Онда депутаттар жеңіл өнеркәсіп саласы мамандарына көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдік мәселелерін ортаға салды. Жеңіл өнеркәсіп Ассоциациясының президенті Любовь Худова үкімет жеңіл өнеркәсіп саласын 2020 жылдың аяғына дейін салықтан босатуы тиіс дейді.

«Біз әлемнің барлық саласындағы әлеуметтік бағыттарды ескере отырып, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке қолдау қажет екенін көріп отырмыз. Мысалы, Қырғызстанда пандемияға байланысты жеңіл өнеркәсіп саласы толықтай салықтан босатылған. Белоруссия мен Түркияда да солай. Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіпті қолдауға көптеген шаралар атқарылуда. Олардың ішінде тіпті заңға түзетілу енгізгендері де бар.  Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласында қазіргі таңда 200 мың адам жұмыс істейді. Олардың 90% әйелдер. Олардың арасында көпбалалы, жалғызбасты аналар көп. Ертеңгі күні солар жұмыссыз қалатын болса, елдегі халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем нашарлайды. Біздің үкімет кәсіпкерлерге осындай қолдау білдіретін болса, бағаны бұрынғыдай сақтап қалуға болады»,-деп санайды  Ассоциация президенті.

Сонымен жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарының үкіметке қойып отырған өтініш-талаптары мынандай:

1.Жеңіл және орта кәсіпке 2020 жылдың аяғына дейін салықтық каникул беру. Одан ары қарай салық режимін жеңілдетіп, жалпы айналымнан 3-4% ғана салық ұстап қалу.

2.ҚҚС бойынша кассалық санақ әдісіне өту.

3.Отандық мектеп оқушылары формасын өндіретін компаниялардан ҚҚС алып тастау.

4.Ұжымдық салықты шегеру;  Жеңіл өнеркәсіптің тұрақсыздығын ескере отырып,  Ұлттық банктің кілтті төлемінің бағасын төмендету; 

5.Арнайы киімдер, арнайы аяқ киім мен мектеп формалары сынды жаңа тауар позицияларына баж cалығын енгізу.

6.Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілмейтін шикізат материалдарына салынатын  ҚҚС баж салығын жою.

КАРАНТИННЕН 60% КИІМ ӨНДІРУШІЛЕР ЗАРДАП ШЕГІП ОТЫР

Жеңіл өнеркәсіп Ассоциациясының президенті Любовь Худованың мәліметінше,  2020 жыл елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жатқан 992 мекеме бар. Олардың –  13 ірі, 27 орташа, 952 мекеме кіші бизнес өкілдері.

«Көріп отырғандарыңыздай үлес жағынан кіші бизнес көш бастап тұр. Бүгінгі таңда тапсырыстың болмауы, сауда орталықтарына өнімдерді жеткізудің жүзеге асырылмауы, сауда орындарын жалға беру бағасының қайта қаралмауы аталған саладағы жұмыстың бәрін толықтай тоқтатуға мәжбүрлеп отыр. Карантиннен 60% киім өндірісімен айналысатын компаниялар зардап шегіп отыр. Бүгіннен бастап мемлекеттік тапсырыстарды алатын компаниялар жұмыстарын бастады. Себебі олар жыл басынан бастап келісімшартқа отырып қойған. Бірақ бұл ол компаниялар қиындыққа ұшырамайды дегенді білдірмейді, себебі, олардың өнім өндірудегі шикізаттары таусылып жатыр. Әзірге бұл мәселелерде өз шешімін таппады»,-деді Ассоциация президенті.

Мамандардың айтуынша, жеңіл өнеркәсіптің  Кеңес кезіндегі үлесі - 15,80% құраса, бүгінгі таңда Қазақстандағы үлесі - 0,4% ғана құрап отыр. Кәсіпкерлер үкіметтен берілетін жеңілдіктер өнеркәсіптің барлық салаларына бірдей болмаса да, әрқайсысының ерекшеліктері ескеріле отырып жасалуы тиіс деп санайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары