$ 494.87  520.65  4.91

«Внимание! Внимание! Воздушная тревога!..»: 32 дыбыстық дабыл түркістандықтардың үрейін ұшырды

«Алғашында күнделікті коронавирусқа қарсы сақтық шаралары туралы деп қабыладық. Бірақ, бұл жолғы хабарландыру өте қатқыл, үрейлі шықты», - дейді журналист.
фото: radio7.kz
фото: radio7.kz

Бүгін «Хабар» телеарнасының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Жандос Жұмабеков facebook парақшасына Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарын екі аяғынан тік тұрғызғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әріптесіміздің айтуынша, олар таң атпай Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы радиодан күнделікті майдан жаңалықтарын оқыған танымал диктор Юрий Левитанның даусымен хабарлама берген.

«Бүгін таңертең сағат 9-00 шамасында Түркістан қаласы бойынша дауыс зорайтқыштар арқылы дабыл қағылды. Алғашында күнделікті коронавирусқа қарсы сақтық шаралары туралы деп қабыладық. Бірақ, бұл жолғы хабарландыру өте қатқыл, үрейлі шықты. Атақты диктор Левитанның дауысы саңқ-саңқ етеді.

«ВНИМАНИЕ! ВНИМАНИЕ! ВОЗДУШНАЯ ТРЕВОГА! ПРОСИМ ВАС СОБРАТЬ ПРОДУКТЫ И УКРЫТЬСЯ В БЕЗОПАСНОМ МЕСТЕ…».

Алғашында аңтарылып қалғанымыз рас. Бірақ, дауыс Левитандікі болғандықтан, «біреу әдейі немесе шатасып қойып жіберген шығар» деген болжамға келдік. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасына хабарласқанымызда: «Жүйеге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр еді. Күнделікті хабарланыруды қосып отыратын мамандарымыз шатасып, қойып жіберіпті. Алаңдауға еш негіз жоқ» деген жауап алдық.

Мейлі, солай-ақ болсын. Бірақ, жауапты маман өзінің нені қосқанын түсінбей ме? Егер шатасқан болса, бірден өшіруі керек еді ғой? Егер «күнделікті коронавирусқа қарсы сақтық шаралары туралы хабарландырудың орысшасын шатасып, қойып жіберіпті» десе, құлаққа кірер еді. Ал 75 жыл бұрын соғыс кезінде жазылған Левитанның дауысын біреу ютубтан көшіріп, әдейі салмаса, өзі кеп түсіп кетпейтін шығар?» - деп кейістік танытты Жандос Жұмабеков.

Сондай-ақ, ол дабылдың қағылғанына 3 сағат өтсе де, не қалалық төтенше жағдайлар басқармасынан, не әкімдіктен «бұл жалған ақпарат еді. Мамандарымыз қателісіп қойып жіберіпті. Кешірім өтінеміз. Алаңдамаңыздар!» деп әкімдіктің ресми сайтына да, әлеуметтік желіге де жазба қалдырмағанын алға тартты.

«Ештен кеш жақсы» десе керек, кейінірек қала әкімдігі өздерінің Instagram-дағы ресми парақшасына кешірім сұраған шағын жазба жариялады.

«Бүгін таңғы уақыт 9.00 шамасында қаланың 32 жерінде орналасқан дыбыстық дабыл арқылы «әуе дабылы» беріліп, нәтижесінде халық арасында түсініспеушілік жағдай орын алды.

Аталған дыбыстық дабылдан күнделікті коронавирус індетінің алдын алу және орындайтын талаптар бойынша ақпарат айтылатын. Техникалық ахауға байланысты басылған дабыл үшін кінәлі тұлғалар анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады. Орын алған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз», - дейді әкімдік өкілдері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары