2012 жылы 7 мамыр Отан қорғаушылар күні ретінде бекітіліп, сол уақыттан бері мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. Биыл қазақстандықтар төтенше жағдай режиміне байланысты бұл мерекені үйде атап өтеді. Коронавирус инфекциясының таралғанына байланысты алдыңғы қатарға дәрігерлер мен полиция қызметкерлері шығып, індеттің әрі қарай таралып кетпеуі үшін күні-түні бел жазбай жұмыс істеп жатыр.
Sputnik Қазақстан Алматыдағы блок бекеттің жұмысымен танысып, сол жерде қызмет етіп жатқан полиция қызметкерлерімен әңгімелесті. Сонымен қатар астанада өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді құтқарып қалған екі полицеймен де сұхбаттасудың сәті түсті.
Алматыдағы №26 блок бекетте тәртіп сақшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Бекеттегілер Алматы облысынан қалаға жаяу, жазық дала арқылы өткісі келетін азаматтарды бақылайды. Бекетте күндіз 14 адам кезекшілікке шығады, соның бірі – полиция аға лейтенанты Азамат Алмасұлы.
2016 жылдан бері Бостандық ауданында учаскелік инспектор болып қызмет етіп келе жатқан Азамат Алмасұлы карантин режимі енгізіліп, блок бекеттер қойылған күннен бастап таңғы сегізден кешкі сегізге дейін күзетте тұрады. Ол күн сайын қалаға заңсыз өткісі келетін азаматтармен тілдесіп, мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріп отырады.
"Арнайы белгіленген нүкте бар, сол жерде бақылап тұрамыз. Облыстан қалаға өткісі келген адамдарды тоқтатып, жеке деректері, өту себебі сұралады. Төтенше жағдай режимін бұзғаны түсіндіріледі. Айыппұл салынатыны немесе қамауға алынатыны айтылған соң кері қайтатындар да бар. Егер олай болмаса, аймаққа жауапты кезекшілерді шақырамыз. Біздің тараптан баянат жазылады, ал жергілікті қызметкер әрі қарай сотқа алып барады", – деп түсіндірді бекеттің жұмысын Алмасұлы.
Айтуынша, облыстан өткісі келетіндердің басым бөлігі бала-шағасының аш отырғанын немесе бір туысының қайтыс болғанын алға тартады.
"Бала-шағамның жейтін тамағы жоқ", "ағам қайтыс болды", "анам ауырып жатыр", "азық-түлік алып қайта шығамын" деген кісілер көп болды. Түсіндіру жұмыстарынан кейін кері қайтқан кісілер біраз уақыт өткен соң қайтадан шекарадан өткісі келеді. Ондай жағдайда сотқа жіберу үшін жергілікті полицияны шақырамыз", – дейді ол.
Демек, бірінші жолы ескерту жасалады, екінші рет қайталанса, бірден шара қолданылады. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қажет, деп түсіндірді аға лейтенант.
Полицейлердің айтуынша, күніне облыстан қалаға заңсыз өткісі келетін кем дегенде 15 адам ұсталады. Кейде бұл көрсеткіш күрт артып отырады. Ал тәуіліктік уақытты салыстырғанда, түнгі уақытта қалаға заңсыз өткісі келетіндер көп екені анықталған.
Тіпті, тұрғындар арасында пара ұсынатындар да аз емес көрінеді.
"Жеке тәжірибемде ақша ұсынғандар болды. Алайда мен өткізген жоқпын. Пара ұсыну бойынша қылмыстық жаза қолданылатынын түсіндірдім. "Қазақпыз ғой, өткізе салшы" деп айтқандар да жиі кездеседі. "Рахметіңді береміз" деп 2000 теңге ұсынды. Мұндайда, әрине құқық бұзғаны үшін біз шара қолданамыз", – дейді Алмасұлы.
Жазық дала арқылы, қалың шөптің арасымен көрінбей өтіп кеткісі келетіндердің арасында егде жастағы кісілер, жас балалар мен әйелдер де бар.
"Олар көп жағдайда айтқан сөзді түсінбейді, қарсыласып, "мен кіремін" деп дау шығарады. Ақша жоқ екенін айтады. Ондай жағдайда шара қолданылады", – деді полицей.
Көпшілікпен жұмыс істеп жүрген Азамат Алмасұлы карантин басталғалы екі рет коронавирусқа тест тапсырған.
"Қаншама адамға түсіндіру жұмысын жүргіземіз, қызмет барысында көп адаммен араласамыз. Үйде отбасың бар, сол себепті де инфекция жұқтыру жайлы уайымдайсың. Десек те, барлық қорғаныс шараларын қолданып, өз міндетімізді атқарып жатырмыз", – дейді ол.
Алматыдағы №24 бекетте шамамен 30 адам жұмыс істеп жатыр, оның ішінде екеуі – медицина қызметкері. Бұл жерде автокөлік пен жаяу жүргіншіні өткізу пункті бар. Сонымен қатар оң жағында жазық дала жатыр. Яғни, бұл бекеттің қызметкерлері үш жолды бақылауда ұстайды.
Бостандық ауданы полиция капитаны, учаскелік инспектор Ермек Нарханов өзінің бекеттегі жұмысы мен карантин кезінде жиі кездескен тәртіп бұзушылық жайлы айтып берді. Полиция капитанының сөзіне сүйенсек, қала тұрғындарына саяжайға баруға рұқсат берілгеннен кейін бекеттен өтетін көлік саны 3-4 есеге артты.