Атыраудан Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атыраудан 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмекті жеткізу үшін 6 жүк көлігі, 20 «Газель» мен 2 жеңіл көліктен құралған керуен жолға шықты.
«Екі тәулік шамасында атыраулық ағайынның аманатын Мақтааралға жеткіземіз. Сонымен қатар, Атырау қаласы халқынан бөлек, мұнайлы өңірге қарасты 7 ауданның жастары жинаған 15 миллион теңге Мақтарал ауданының халқына беріледі. Талай қиындықты халқымыз бірліктің арқасында жеңген. Бұл сынақты да бірге өткереміз. Біз біргеміз», - дейді ұйымдастырушылар.
Кеше Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Мақтааралға көмек көрсету мақсатында арнайы қорға қаржы жинау басталды. Гуманитарлық көмек көрсету Атырау облысы әкімдігі тарапынан да жалғасуда.