10.05.2020, 12:05

«Карантиннің уақытын созу керек» - саясаттанушы

фото: Qasym.kz
Маска, антисептик, әлеуметтік қашықтық мәселесі бойынша хабарландыру, бейнероликтер, радио хабарлама жасауға шұғыл кірісу керек.

Қоғам үшін өзекті мәселеде үнсіз қалмайтын белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров мемлекеттік комиссияға коронавирустың таралуына байланысты карантин уақытын ұзартуды ұсынды. Оның пайымдауынша, елде жарияланған "төтенше жағдайды тоқтатып, карантиннің уақытын ұзарту керек" екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, жазба авторының facebook парақшасына сілтеме жасап.

Саясаттанушы мұнан бөлек, індетке байланысты "қазақылыққа" салынуға болмайтынын ескертті. Ол "эпидемия әлі біткен жоқ" деп отыр.

"Төтенше жағдай жөніндегі Мемкомиссияның назарына! Пандемия жай болса да, өсіп барады. Кешелі-бүгін көшеде жүрген халық маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау мәселесін ұмытып кеткен тәрізді. Тоқмейілсуге болмайды. Эпидемия біткен жоқ.

"Қазақылыққа" салынып жүргенде, мәселе өршіп кетуі мүмкін. Осы орайда, Төтенше Жағдай жөніндегі Мемкомиссияға келесі ұсыныстар:

1. Төтенше жағдайды тоқтатып, карантиннің уақытын созу керек. 2. Адамдар ертеңнен жұмысқа шыққан жағдайда маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, антисептиктерді пайдалану мәселесінің нормасын бекіту маңызды. 3. Офистер мен бизнес-орталықтарға маскасіз кіруге, антисептиктерді жиі пайдалану мәселесін реттеу абзал. 4. Халыққа теледидар, әлеуметтік желілер арқылы санитарлық нормаларды сақтаудың маңызы жөнінде қүлақтандыруды жалғастыру керек. 5. Маска, антисептик, әлеуметтік қашықтық мәселесі бойынша хабарландыру, бейнероликтер, радио хабарлама жасауға шұғыл кірісу керек. Бұл іс-шараларды іс жүзінде жүзеге асырмаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Олай болса, эпидемиологиялық жағдай ауырлап, халықтың жағдайы қиындайды", - деп желіде жазды

"Жағдай ушығып кетуі мүмкін" деп қауіптенген оның бұл пікірін әлеуметтік желі белсенділерінің бір қолдай жөнелсе, енді бірі "карантинде отырғанымыз жетер" деп бұлқан-талқан болуда. 

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда 11 мамырға дейін карантин мерзімі ұзартылған болатын.