Қазақстанда жұмыссыздардың саны көбейеді. Жыл қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін 4,8 пайыз болса, енді 5,9 пайызды құрауы мүмкін, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осындай болжам жасады. Бұған коронавирусқа байланысты түрлі саладағы кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуы себеп. Жағдайдың жақсаруы карантин режимінің жеңілдетіліп, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін қалпына келтіруге байланысты болмақ.
«Жұмыспен қамтуды қалпына келтіру процесі қиын болады. Біз министрлік деңгейінде болжам жасадық. Карантинді әлсіретудің негізгі көлемі маусым-шілде айларында болса, жұмыспен қамтуды толық қалпына келтіру ағымдағы жылдың 4 тоқсанында күтіледі», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, бүгіннен бастап Қазақстанда 42 500 теңге алу үшін өтініш қабылдау тоқтатылды. Жалпы, осы уақытқа дейін табысынан айрылған 4,5 миллион адамға қаржылай көмек көрсетілген.