$ 523.58  549.71  5.01

Қазақстанда 2022 жылға дейін жол бойына 96 дәретхана орнату жоспарланған

Жол бойындағы бір дәретханаға техникалық қызмет көрсетудің шекті бағасы 700 мың теңгеден 1,5 миллион теңге аралығында болады. Ол инвестициялық конкурстың нәтижесі бойынша анықталады.

Биылғы жылы елімізде жол бойына 22 дәретхана салынады, деп хабарлайды Oinet.kz, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылға дейін Қазақстанда инвесторлардың есебінен 282 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарда болыпты. Мұндай алғашқы 40 дәретхананы орнату конкурсы 2019 жылға жоспарланған. Алайда, конкурс бәсекелестіктің болмауына байланысты өтпеген.

«Қазіргі таңда 40 санитарлық-гигиеналық торап орнату мақсатында ашық инвестициялық конкурсқа дайындық жүріп жатыр», - дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі. Сонымен қатар, жол бойындағы дәретханалардың жалпы саны алдағы уақытта жеке кәсіпкерлердің ұсыныстарына байланысты өзгеруі мүмкін.

«Бүгін біз 90-нан астам өтінімді қабылдадық. Оның ішінде ірі желілік жанармай құю станцияларынан түскен өтінімдер де бар. Санитарлық-гигиеналық тораппен жабдықталған жол бойындағы сервис нысандарына бөлінетін жеке инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 34 миллиард теңгеден асады. Бұл болжам бойынша», - дейді компания мамандары.

Байқау шартына сәйкес, қатысушы өз қаражаты есебінен санитарлық-гигиеналық қондырғы салып, оны мемлекетке тегін тапсырады. Бес жыл ішінде осы дәретханаларға қызмет көрсеткені үшін инвесторға ақша бюджеттен бөлінеді.

«Ақылы жолдарда ақша жолдардың ақылы учаскелерінен жиналған қаржы есебінен төленеді. Басқа жолдарда қаржы жолдарды ұстауға бөлінген бюджет қаражаты есебінен алынады», - деп түсіндірді компания.

Жол бойындағы бір дәретханаға техникалық қызмет көрсетудің шекті бағасы 700 мың теңгеден 1,5 миллион теңге аралығында болады. Ол инвестициялық конкурстың нәтижесі бойынша анықталады.

«Инвесторлар тазалау талаптарын сақтауы шарт. Техникалық қызмет көрсетілмегені үшін айыппұлдар жүйесі қарастырылған. Егер бес жыл ішінде шағымдар болмаса, келісімшарт одан да ұзақ мерзімге жасалуы мүмкін», - деді компания өкілдері.

Сондай-ақ, компания санитарлық-гигиеналық торап қандай болу керектігіне тоқтады.

«Антивандалға қарсы жабдықты, тозуға төзімді материалдарды және экологиялық талаптарға жауап беретін заманауи биосептикалық резервуарды қолдану керек. Егер электр энергиясын пайдалану мүмкін болмаса, күн панельдері мен жел генераторлары сияқты автономды қуат көздерін пайдалануы қажет», - деп түсіндірді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы. 

Сонымен қатар, 2022 жылға дейін мердігерлер есебінен жол бойында 96 дәретхана орнату жоспарланып отыр. Оның ішінде алғашқы жол бойында 22 дәретхана жылдың соңына дейін салынады. Жалпы, Қазақстанның республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 304 санитарлық-гигиеналық торап орнатылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары