Қарағанды облысының Жаңарқа ауданын тоқпен қамтамасыз ететін «Сәкен және компания» мекемесінің 30-дан астам жұмысшысы 17 ай бойы жалақы алмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әрқайсысының алашағы шамамен 700 мың теңгеге жетіпті. Базыналарын айтып бармаған жері жоқ. Әзірге нәтижесіз. Себебі, олар еңбек ететін мекеме қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. 17 ай бойы жалақы алмаған азаматтар талай есікті тоздырыпты. Енді қайда барып шағымданарларын білмей, шарасыз күйге түсіп отыр.
«Ақша жоқ, есепшот кепілдікте тұр дейді. Әкімдік жиналысқа шақырады, бастықтарын сотқа беріңдер дейді. Ал бастықта үйі мен көлігінен басқа ештеңе жоқ, ол бізге жетпейді жалақыға», - дейді электрик Оразғали Сәкенов.
18 мың тұрғыны бар Жаңарқа кентінің жарығына «Сәкен и компания» мекемесі жауапты. Бірақ, олар осы күнге дейін өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармай келген. Электр желілері 1974 жылдан бері жаңартылмапты. Соның салдарынан сәл жел тұрса болды, үзіліп, жұртты әбігерге салады екен.
«Қарапайым халық зардап шегіп отыр. Жарыққа бір төлейді. Сөніп қалса, бізге хабарласады», - дейді электрик Жасұлан Көпжасаров.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір «Сәкен и компания» мекемесінің есепшотында ешқандай ақша жоқ. Ал оларға қаржыны тұтынушыларға тоқ сататын «Қазэнергоорталық» мекемесі аударуы тиіс болатын. Бірақ, шығын көп болғандықтан, олар ақша беруден бас тартқан. Зардабын жұмысшылар тартып отыр.
«Сәкен и Компания» жұмыс жасап жатқан жоқ, адамдары да жоқ. Олардың жері қазір дереликцияда тұр. Қазан айында уақыты бітеді. Сол кезде мемлекет, Жаңарқа ауданының әкімдігі өздерінің балансына алады», - дейді облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекбаев.
Егер электр желілері мен қондырғылар коммуналдық меншікке өтсе, жұмыс жолға қойылып, келешекте электриктерге жалақы төленеді дейді атқарушы билік. Бірақ, олар бұған дейінгі алашақ ақшаларын тек сот арқылы жауапты мекемеден өндіруі тиіс. Демек, оған қол жеткізудің өзі енді екіталай.