$ 444.22  476.38  4.82

Назерке ЖЕТПІСБАЙ, теолог: «Деструктивті ұстанымдағы отбасының балалары да сол діни ұстанымда»

«Қазіргі уақытта 130-дан аса әйел біздің орталыққа жыл басынан бері келген болатын. Олардың басым көпшілігінің діни сауаттылығы төмен, нөл деп айтсақ та болады».
anatili.kazgazeta.kz
anatili.kazgazeta.kz

– Назерке Жетпісбайқызы, жат ағымның жетегінде кеткен әйелдердің көбісі өкініп жатады екен. Олардың адасуына не ықпал етуі мүмкін?

– Жалпы әйел адамдардың басым көпшілігі өзіңіз білесіз, эмоцияға өте берілгіш келеді. Бірінші себебі сол. Екіншіден әйел адамдар күйзеліске ұшыраған кезде өздерінің күйзелістерінің орнын толтыру үшін бір жерден өзін рухани тыныштандыратын нәрсе іздегісі келеді. Ондай біздің орталықта болды. Мұны бізге келіп жатқан әйелдер тәжірибесінен алып отырмын.Бір әйел келіп, намаз оқымайды, хиджап кимейді, діни байланысы жоқ әйел адамнан «жалпы бұл орталықтың тізіміне ілігіп қалуғане себеп болды» деп сұраған кезде, ұқсас жағдайларды айтады. Мәселен, отбасында әртүрлі мәселелер туындап, өзім вконтактеге кіріп отырғанмын дейді. Сол кезде «Әйел адамның исламдағы» орны деген топқа тіркеліп, сол жерден ақпараттар алдым, сол жерден өзімді рухани тыныштандыратын ақпараттар алдым дейді. Бірақ уақыт өте келе Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің адамдары келді дейді. Сөйтсе ол топ тыйым салынған топтардың ішіне кіреді екен. Ол кісі білмейді, бірақ расында мен сол жерден өзімнің рухани тыныштандыратын ақпараттарымды ала алдым дейді. Бұл жай ғана біздің орталықтағы бір факт болса, бұған дейін де мұндай факттар өте көп болды. Яғни сол іздену арқылы адасады. Діни сауаты болмаған әйел адам ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейді, бірақ ақпарат  ала береді, ең соңында ол өзі үйренген нәрсе өзі үшін дұрыс болып есептелінеді. Ал сырттай алып қарағанда, оның алып отырған ақпараттары теріс. Қазіргі уақытта 130-дан аса әйел біздің орталыққа жыл басынан бері келген болатын. Олардың басым көпшілігінің діни сауаттылығы төмен, нөл деп айтсақ та болады. Олар тек қана намаз оқимыз, ораза ұстаймыз дейді, басқа ешқандай ақпарат білмейді. Жай ғана сырт келбетімен алып, қызығып, ұстап алғандар.

– Әйел адамның жат ағымға еруі көбіне өз еркімен бола ма, әлде ерінің ықпалы бола ма?

– Жоғарыда әйел адамның шатасуының екі себебін айттым. Енді одан кейінгі үшінші себебі, бұл әйел адамның еріне бойсұну арқылы жүзеге асады. Жасаған тәжірибелердің нәтижесінде, тіпті  үйленбей тұрып қыз-жігіт болып сөйлесіп жүргеннің өзінде жігіт жүріп жүрген қызына ықпал ете алатындығы көрініп отыр. Өйткені тағы да әйел адам жылы сөздерге ергіш, біреуден жылулық іздейді, жақсы көріп тұрған адамы оған жаны ашиды деп ойлайды, осылайша содан алған ақпараттардың барлығын қабылдап алады.

Тұрмыс құрған әйелдердің ішінде басым көпшілігі жолдастарының діни ұстанымын қабылдап отырғандар. Неге? Өйткені ислам дінінде әйел адам күйеуінінң айтқанын бойұсыну керек.  Олардың түсініктерінде сол ұстаным қатып қалған. Біздің түсінігімізде күйеуімізді жібітіп, жылы сөздермен алдап, осындай шығар, мұндай шығар десек, ол кісілерде ондай жоқ, тіке айтты ма, болды соны сен қабылдауың керексің, соны істеуің керексің деген түсінік қалыптасқан. Намазға жығылып жатқандардың да, хиджап-ниқап киіп жатқандардың да күйеуінің ықпалы арқылы болып жатқан факттар бар. Мен кездескен бірнеше әйел адам болды, мен намаз оқыған жоқпын, бірақ күйеуім намаз оқитын дейді. 2-3 жыл қарсылық таныттым, одан кейін қоймай қойды, балаларыма айта бастады дейді. «Сенің мамаң дұрыс емес, ол намаз оқымайды, ол құлшылық етпейді, мамаларыңды тыңдамаңдар» деп, балаларымды маған қарсы қоя бастады. Одан кейін менің намаз оқуыма тура келді дейді. Бірде тастап, бірде оқып, бірде оқымай сөйтіп жүрдім дейді. Шынымен, адамның жүрегіне салып бермегеннен кейін, өзі ниеттенбегеннен кейін ол солай болады. Одан кейін бір жылдан кейін орамал тақ дей бергеннен кейін, орамал тағады. Яғни бұл жерде оның қалауынсыз болып жатқан нәрсе. Ниқабта да дәл сондай. Күшті бір ашық-жарқын қаншама әйелдер келді. Не үшін тағып жүрсің десек, күйеуім айтқаннан кейін тағып жүрмін, ол талап қояды, мен мүлде қызықпаймын, мен намаз оқуға да қызықпаймын, хиджабқа да қызықпаймын дейді. Бұрын ер кісі, әйел кісі деп бөлмей, бәрімен араласып, ортақ туған күнге, тойға барып жүрген әйел адамдар, қазір өзгеріп шыға келген. Яғни өзі қаласа да қаламаса да күйеуінің талабын орындап тұр.

– Деструктивтік діни ағымдардың қызметінен зардап шеккен әйел адамдардың арасында оңалту жұмыстарына көндігуге қиындықтар тудыратынын бар ма? Олармен жұмыс істеудің қиындығы қандай?

– Оңалту жұмыстарына қиындықтары тудыратын әйелдер – жоғарыда айтқан күйеулерінің діни ұстанымындағы әйелдер. Менде бір отбасы болды. Анасы мен қызын әкелген кезде күйеуі толықтай ақпарат берген. Басында қыз үндеген жоқ, мектепте оқитын қыз ғой. Әбден қыдығына тигеннен кейін қыздың эмоцияға салынғанын көрсеңіз, кәдімгідей агрессия. «Сіз неге олардың ұстаздарын дұрыс емес деп айтасыз, жоқ Назаратулла дұрыс, Оқтам дұрыс, сіз неге олай айтасыз, менің әкем солай үйретті» деген. Осыдан-ақ мен отбасында кім діни тәлім-тәрбие  беретінін көріп отырмын. Анасының өзі сен оның бәрін қайдан білесің деп аузы ашылып қалды. Мен түсіндіріп айтып отырсам, қыз тыңдамайды. Анасы «тұра тұрсай, тыңдайық, үйге барғаннан кейін әкеңнен сұраймыз, мүмкін әкеңдікі дұрыс емес шығар» деген орталыққа келген бір-ақ әйелден көрдім, оның үстіне ұлты – орыс. Бір-ақ әйел «мүмкін біздікі дұрыс емес шығар» деген ой түйді. Ал қалған басым көпшілігі мына жерден иә-иә деп кетіп, шыққан соң өз тірлігін жасай береді. Бар, әрине, ортаға бейімделген адамдар. Бірақ өткен жылы істеген жұмыстардың нәтижесінде, яғни жылдап істелген жұмыстың нәтижесінде болып жатқан нәрсе. Әрине, бұл жерде оңалту жұмысын жасағаннан кейін міндетті түрде күйеуі де, әйелі де келу керек. Егер күйеуінің діни ұстанымы өзгерсе, онда әйелінікі де міндетті түрде өзгереді.

– Балалы әйелдердің адасуы баласының да сол ағымның мүшесі ретінде қарай аламыз ба? Әйел құшағындағы баланың таңдау еркіндігі болмады ғой?

– Балаға тәрбие беретін анасы да, әкесі де. Анасы Ханафи бойынша, әкесі сәләфилік бағытта тәрбие беретін болса, баланың миы ашып кетеді. Бәрібір күйеуі келіп, «сен балаға не тәлім-тәрбие беріп отырсың, ертең мына баланың миы ашиды ғой» деп айтады. Сондықтан балалардың діни ұстанымы ата-анасымен тікелей байланысты. Деструктивті ұстанымдағы отбасының балалары шынымен де сол діни ұстанымда. Өйткені ата-анасы жол көрсетіп отырады. Бірақ күндіз-түні оны нұқып, сен бүйт, сен сүйт деп, мынау дұрыс емес, сен мынаны оқы деп қайта-қайта дінге үгіттей бергеннен кейін бәрібір ол баланы солай қалыптастырады. Олардың балалары өте көп, бір отбасында алты-жеті баладан, бес баладан, төрт  баладан бар. Яғни бір-біріне үйретеді, үлкендер кішілеріне үйретеді деген сияқты. Ертең олар өскеннен кейін не болады деген сұрақ туындайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота МҰСАБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары