ҚР Ұлттық музейінде Наурыз мерекесіне орай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің тұсауын кесу рәсімі өтті.
Сәбилердің тұсауын кесуге Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы, «Астана ақшамы» ЖШС директорының орынбасары, белгілі журналист Зейін Әліпбек, ақын Қалқаман Сарин, «Балапан» телеарнасының директоры, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, белгілі саясаттанушы-журналист Жарқын Түсіпбекұлы тәрізді танымал тұлғалар шақырылды.
«Тұсаукесер» рәсімі» жобасының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс журналистерге берген сұхбатында аталған шараның маңызына тоқталып өтті.
- Қариясын «қазынам», ұлын «ұрпақ жалғастырарым», қызын «өрісімді кеңейтерім» деп білген халқымыз үшін әр салт-дәстүрдің орны ерекше болған. Дүниеге келген сәтінен бастап сәбиін елі мен жерін сүюге, халқының мұрасын қастерлеуге тәрбиелейтін асыл дәстүрлеріміз Ұлттық музейдің қайырымдылық жобасында өз жалғасын тауып отыр. Бұл жоба мемлекеттік деңгейде басталған #ЖақсылықЖаса атты халықтық жобасының аясында өткізілді. Осыдан біраз уақыт бұрын басталған #ЖақсылықЖаса жобасына бүкіл қазақстандықтар атсалысты. Жоба өз жалғасын тауып келеді. Ұлттық музей ұжымы да бұл жобадан қалыс қалмай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін «Тұсаукесер» рәсімі» жобасын қолға алды. Жоба алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұратын болады. Жетімін жылатпаған бабаларымыздың асыл қасиетінің осындай жоба арқылы көрініс тапқанына қуаныштымыз, - деді Н.Жолбарыс.
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы балалардың болашағына ақ жол тілеп, өзінің аналық лебізін білдірді.
- Өзім ана болған соң жерде, осы іс-шараға арнайы келдім. Наурыз мерекесіне орай өткізіліп жатқан «Тұсаукесер» рәсіміне қатысқаным үшін де өте қуаныштымын. Мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде жолға қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ біздің қазақ жастары бала мәселесіне жеңіл қарамаса екен деймін. Ол үлкен жауапкершілікті қажет ететін дүние. Сонымен қатар,
жетімдер үйі болмаса екен деймін. Бұл бүлдіршіндер махаббатқа, мейірімге зәру келеді. Сондықтан да оларды сүйіспеншілікке бөлеу бәріміздің адамдық борышымыз, - деді М.Мұхамедқызы
Сонымен қатар, Қалқаман Сарин, Ләйлә Сұлтанқызы, Зейін Әліпбек, Жарқын Түсіпбекұлы балалардың тұсауын кесіп, ақ тілектерін арнады.
Жоба аясында Астанадағы сәбилер үйінің 5 тәрбиеленушісінің тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсіміндегі фотосуреттер мен тапсырылатын сертификаттар балалардың жеке іс-парағына тігіліп, болашақта өздерінің тұсауын кескен тұлғаларды біліп жүруі үшін сақталатын болады.
Наурыз мерекесіне орай өткізілген бұл шара алдағы уақытта әр мереке сайын өз жалғасын таппақ.
Серғали БАЛАЖАН