«Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың болашағы» туралы онлайн-конференцияда омарташылар одағының президенті Сергей Терещенко Қазақстандағы азық-түлік өнімдерін өндіру, сақтау және оны ішкі/сыртқы нарықтарға сату жүйесіне төмен баға берді. Кезінде министрлер кабинетін басқарған Терещенко Үкімет бұл жүйені әбден құлдыратып жібергенін де мойындады.
Оның айтуынша, 300 мың тонна қырыққабатты ішкі нарыққа өткізе алмаған Үкімет шіріп кеткен өнімді көму үшін 2 млрд теңге қаржы жұмсаған.
«Өндіру және сату нарықтарының жүйесін жақсылап тұрып бір ізге түсіру керек. Жүйенің терістігін мынадан байқауға болады: жуырда оңтүстікте 300 мың тонна қырыққабат бұзылып кетті. Оны көму үшін Үкімет 2 млрд теңге бөлді. Қырыққабатты әкеліп, еліміздің басқа қалаларына тегін таратуға ешкімнің фантазиясы жетпеді», - дейді Терещенко.
Экс-премьер әзірге елімізде өсіру-сақтау-сату жүйесінде өткізу мәселесі дұрыс жолға қойылмағанын айтты.
«Менің Түргенде тұратын досым бар, өз ауласында құлпынай өсіреді, өте дәмді. Яғни, шағын фермерлердің өзі кез келген ауыл шаруашылық өнімін өсіре алады. Қазір Қазақстан үшін оны сақтау, сату маңызды. Мысалы, біз бал шығарамыз. Сұлтанов мырза (Сауда және интеграциялар министрі Бақыт Сұлтанов – авт.) алсын да, балды сол сатсын. Біздің сауда-саттықтағы стандарттарымыз әлемдік стандартқа жатады. Яғни, қазір әлем бойынша мұнай бағасы түскен кезде, Қазақстан мұнайды немен алмастыру керек екенін түсіну керек. Ал, мұнайдың орнына біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің көп түрін сата аламыз», - деді ол.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату нарығы 90-шы жылдары «Қазақстанның тұтыну одағы» сияқты құрылымдардан басталған. Сергей Терещенко өзі премьер-министр болған кезде Үкімет бұл жүйені назарынан тыс қалдырып алды дейді. Ендігі міндет – ол жүйені қазіргі заманның талабына сай қайта жасау.
Сергей Терещенко 1991-1994 жылдар аралығында тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі қызметін атқарды. Қазір ол саясаттанушы, ресми түрде омарташылар одағының президенті.
Естеріңізге сала кетейік, 28 сәуірде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақ шаруалары 250 мың тонна орамжапырақты өткізе алмай отырғанын айтып, көмек сұраған.
Дереккөз: Азаттық рухы