$ 494.87  520.65  4.91

«30 адаммен шығынды ақтай алмаймыз»: Қостанайда тойхана иелері бас көтерді

Әкімдіктің алдына жиналғандарды сабырға шақыруға әкімнің орынбасары шықты. Ол шектеу шаралары мен карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады деген ескертумен шектелді.
фото: tobolinfo.kz
фото: tobolinfo.kz

Қостанайда тойхана иелері бас көтерді. Кәсіпкерлер бас санитардың қаулысына қарсылық білдіріп, қалалық әкімдік алдына жиналды. Наразы топ шектеу шараларына өзгеріс енгізуді талап етуде. Қаулыға сәйкес қоғамдық тамақтану орындарына келетіндер саны отыздан аспау керек. Ал рестораторлар кем дегенде 100 адамға рұқсат беруді сұрайды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Өңірлік жедел штабтың шемімімен мамырдың 25-інен бастап облыстағы асхана, дәмхана, тойханаларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Алайда, келушілер саны 30-дан аспауы тиіс. Одан көп адам келсе, тойхана иесіне әкімшілік іс қозғалады. Қалың кәсіпкер осыған наразы.

«Бізге жоқ дегенде 100 адамға рұқсат берсе. Қазіргі таңда 30 адамға рұқсат. Отыз адамға жұмыс істеу мүмкін емес. Отыз адамға істесек, біз шығынды ақтай алмаймыз», - дейді кәсіпкер Нұрмахан Сопыбеков.

Ал келесі ресторатор Айнагүл Исахметова өзіне үйде отырған қызметшілерінің жұмысқа қашан шығатындарын сұрап күнде қоңырау шалатынын жеткізді.

«Бізге күнде звондайды қашан шығамыз деп. Уже күн көруге амалымыз жоқ деп. Бір екі техничкаларымыз бір жерге жұмысқа тұрды, грузчик боп істеп жатыр. Бұл не деген масқара?! Күн көру мәселесі деген біздің штаттағы адамдарға қиын боп жатыр», - дейді ол.

Үш айға созылған карантиннің салдарынан тойханаларда жұмыс істейтін жүздеген адам жұмыссыз қалды. Мәскеуде аспаз курсын тәмамдап, талай мейрамханада тамақ әзірлеген Наталья Нұржанова ақша табу үшін асхана жағалап кеткенін айтады. Екі баланың анасы тойханалар ашылмаса, күнкөрісінің қиындайтынына алаңдайды.

«Ақша жоқ. Қалай күн көретінімізді білмейміз. 42 мың 500 тенгені бір рет қана алдым. Тезірек тойханалардың ашылуын күтіп отырмыз», - дейді шеф-аспаз.

Қаладағы тойханалардың көбісінде бірнеше залы бар. Олардың кіретін есігі бөлек, тек ас бөлмесі ортақ. Тойхана иелері тым болмаса әр залға 30 адамнан отырғызуға рұқсат сұрайды. Әкімдіктің алдына жиналғандарды сабырға шақыруға әкімнің орынбасары шықты. Ол шектеу шаралары мен карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады деген ескертумен шектелді.

«Туған күн, еске алу астары, түлектер кеші... жалпы, көп адам жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынған. Бұл шешімді біз қабылдамаймыз. Бас санитар рұқсат берсе, жұмыс істей беріңіздер», - деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Андрей Финк.

Орынбасардан ойға қонымды жауап ала алмаған кәсіпкерлер облыстың бас санитары отыратын мекемеге де барды. Ол орнында болмады. Кәсіпкерлер қаулыны қайта қарастыруға арыз жазды. Тойхана иелері карантин талаптарын толық орындауға дайын. Тіпті, тойға келетін көпшіліктің қызуын тексеретін арнайы құрылғы, антисептикалық қажеттіліктерді түгел орнатамыз деп отыр. Талаптары біреу ғана: 100-150 адамға рұқсат берсе дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары